Басынан ұрған: барда төбелескен павлодарлық тұрғын сегіз жылға сотталды
Сотта ер адам өзінің кінәсін мойындамады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының №2 сотында жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру және абайсызда өлімге әкеп соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды(ҚР ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігі).
Іс-материалдары бойынша, 2021 жылдың мамыр айында қалалық лаунж-бардың бірінде ер адам танысымен бірге алкогольдік ішімдік ішкен. Кейіннен олардың арасында жанжал туындап, ер адам танысының басынан екі рет жұдырықпен ұрып, денсаулығына ауыр зиян келтірген. Зардап шеккен танысы қашуға тырысып, баспалдаққа қарай жүгіріп шыққан. Алайда ер адам оны қуып жетіп, тағы бір мәрте оң жақтағы кеуде тұсынан ұрып жіберген. Соққының салдарынан жәбірленуші мекеменің екінші қабатынан бірінші қабатқа құлап түсті. Зардап шеккен ер адам алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды.
Айыпталушы өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Оның кінәсі тиісті, рұқсат етілген және сенімді дәлелдемелердің жеткілікті жиынтығымен расталады.
Сот жаза тағайындау кезінде айыпталушының жас екенін, бұрын сотталмағанын, қылмысты мас күйінде жасағанын ескерді. Сондай-ақ, ер адамның ниеті жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтіруге бағытталған болатыны және жәбірленушінің өлімі айыпталушының абайсыз әрекеттерінен болғаны ескерілді.
– Ер адамға сегіз жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деді Павлодар қаласының №2 сотының баспасөз қызметінде.
Сондай-ақ , сотталушыдан жәбірленушілердің пайдасына моральдық зиянды өтеу ретінде үш миллион теңге мүліктік залал және өкілдердің қызметтеріне ақы өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.