Ақсу жылыту маусымына қаншалықты дайын?
Қаланың биылғы қысқа дайындығын Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әдетте қатты аяз басталғанға дейін Ақсуда екі қазандық жұмыс істейді. Ауа температурасы -15...-20 градусқа дейін төмендегенде үшінші қазандық іске қосылып, төртіншісі резервте тұрады. Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Мұсабек Мақашевтың айтуынша, үш қазандық жылу маусымына толық дайын.
Аймақ басшысы Ақсу ферроқорытпа зауытының қысқа дайындыққа жауапкершілікпен қарау керек екенін атап өтті.
– Ферроқорытпа зауыты әрқашан тыңғылықты дайындалғанын айта кеткен жөн. Жылу беру тоқтауларының статистикасы бойынша Ақсуда, облыстың басқа қалаларымен салыстырғанда, маусымда жылу сирек сөндіріледі. Ал бүгінде технологиялық ақаулар байқалған жоқ, – деді Асайн Байханов.
2013 жылы салынуы тиіс болған жаңа қазандық стансасына келсек, көктемгі тексеру кезінде күл шығару қондырғысында бұзушылықтар анықталды.
– Күл шығаратын жүйелері жұмысын дұрыс көрсетпеді. Қазандықтар керекті параметрлерге шықпады. Жылу параметрлеріне толықтай сәйкес болмағандықтан біз қабылдаудан бас тарттық. Сондықтан қазір мердігер өз қаражатынан бұл қазандық бойынша техникалық өзгерістерді жобаға еңгізіп жатыр. Бюджеттік қаражаттан біз ешқандай қосымша ақшаны бөлмейміз. Келесі гидравликалық сынақтар ендігі жылы көктемде болады. Егер қазандық іске қосылмаса немесе күл шығаратын жүйелері дұрыс жұмыс істемесе, біз сотқа жүгінеміз, — деді Асайын Байханов.
«Теплосервис-Ақсу» биыл гидравликалық параметрлер жақсарады деп уәде беріп отыр. Өйткені ескі құбырлар диаметрі үлкенірек құбырларына ауыстырылды. Бұрын құбырлардың диаметрі 630 миллиметр болса, қазір - 720. Кварталішілік магистральдік құбырлардың диаметрі де 159 миллиметрден 273 миллиметрге дейін ұлғайтылды.
– Тамыз айының соңына дейін жұмыстарды аяқтаймыз. 2015 жылдан бері тоқтап тұрған ескі құбырларды ауыстырып жатырмыз, өйткені желілердің тозуы 68 пайызды құраған, - деп түсіндірді «Теплосервис-Ақсу» мемлекеттік кәсіпорнының директоры Құмар Ибраев.
265 көпқабатты үйдің 212-сі әлі қысқа дайын емес. Ал пәтер иелерінің кооперативтері жоқ 25 үй жұмысшыларды өздері жалдап, құбырларды жуып жатыр.
Гидравликалық сынақтар 2 қыркүйектен 9 қыркүйекке дейін өтеді. Ал жылу 20 қыркүйектен бастап алдымен әлеуметтік нысандарға, қазан айының басынан бастап үйлерге беріле бастайды.