Екібастұзда 60 жыл тоқтаусыз жұмыс істеген сорғы станциясы жаңғыртылады

Екібастұзда 60 жыл тоқтаусыз жұмыс істеген сорғы станциясы жаңғыртылады
Фото: Константин Шелков

Өңір үшін стратегиялық маңызға ие нысан 1966 жылы пайдалануға берілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапары барысында Екібастұз қаласындағы «Горводоканал» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының №1 сорғы станциясында болып, нысанды реконструкциялау жобасымен танысты.

Бүгінде сорғы станциясы Екібастұз жылу-электр орталығын техникалық сумен, сондай-ақ Майқайың кенті мен «Богатырь» разрезін ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр.

«Горводоканал» МКК директорының міндетін атқарушы Ләззат Бекбергенованың айтуынша, нысанның ұзақ жылдар бойы пайдаланылуына байланысты оны толық жаңғырту қажеттілігі туындаған.

– №1 сорғы станциясы шамамен 60 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Осыған байланысты оны реконструкциялау жобасы әзірленді. Оның аясында сорғы жабдықтары толық ауыстырылып, заманауи жиілік түрлендіргіштері орнатылады. Сондай-ақ барлық электр жабдықтары жаңартылып, кернеуі 35/6 кВ болатын жаңа қосалқы станция салынады. Бұдан бөлек, құрылыс-монтаж және жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді ол.

Оның айтуынша, 2018 жылы техникалық су айдайтын екі сорғы ғана жаңартылған. Ал қалған жабдықтар 30 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып, бүгінде техникалық және моральдік тұрғыдан ескірген.

Жобаны іске асыру нәтижесінде заманауи сорғылар мен жиілік түрлендіргіштерін қолдану арқылы электр энергиясын тұтыну 30-40 пайызға дейін қысқарады деп күтілуде. Бұл кәсіпорынның пайдалану шығындарын азайтып, сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Реконструкция тоғыз ай ішінде жүзеге асырылады. Барлық жұмыстар сорғы станциясының жұмысын тоқтатпай және тұтынушыларды сумен жабдықтауды үзбей жүргізіледі. Тамыз айында арнайы жабдықтарды сатып алу басталады. Жобаның негізгі уақыты жабдықтарды дайындау мен жеткізуге жұмсалмақ.

Жаңғырту аяқталғаннан кейін Екібастұз жылу-электр орталығына, «Богатырь» разрезіне және 2022 жылдың соңында пайдалануға берілген жаңа техникалық су құбыры арқылы техникалық су жеткізудің сенімділігі артады. Сонымен қатар, Майқайың кентінің тұрғындары тұрақты ауызсумен қамтамасыз етіледі.