Намазхана, дәмхана: Екібастұз жол бойындағы қызмет қалай жақсартылуда?

Намазхана, дәмхана: Екібастұз жол бойындағы қызмет қалай жақсартылуда?
Фото: Азат Әлиасқар ұсынды

Игі істі қолға алған филантроптардың мақсаты –  елге қызмет ету, деп хабарлайды @Pavodarnews.kz тілшісі. 

2022 жылы қаланың құрылыс компанияларының бірінің иесі Азат Әлиасқар мен достары,  әріптестері адамдарға риясыз көмектесу арманын қуып, мемлекеттік маңызы бар жобаларды іске асыруға үлес қоса бастаған. Осылайша жолаушылардың жол бойында намаз оқып, жылынуы әрі ұйықтап демалуы үшін намазханалар орнатуға кірісіп кеткен. Бүгінде жол бойындағы инфрақұрылымды жақсарту еріктілер қозғалысына айналды.

Екібастұздықтар Павлодар мен Екібастұз арасындағы тас жолдың бойында бір-біріне қарама-қарсы екі намазхана салған. Қазіргі таңда Майқайың ауылына барар жолда намазхана орнатылған, ресми ашылуын күтуде. Сондай-ақ олар облыс шекарасынан шығып, Астана мен Ереймантау арасындағы тас жолдың бойында намазхана, дәмхана және дәретхана бар кешен орнатуды ұйғарған.

– Идеяның негізін салушылар – Екібастұздың қарапайым жастары. Бізді достарымыз, қала тұрғындары, жергілікті билік, мүфтият қолдап отыр. Осылайша өз арманымызды орындап жатырмыз. Біз саяхат мәдениетін кеңейтіп, адамдардың табиғатқа деген қамқорлық сезімін оятып, халыққа пайда әкелгіміз келеді, – дейді ұйымдастырушы.

Жұмысты бастамас бұрын металл конструкциялары мен сэндвич-панельдерді сатып алу үшін қаражат жинау керек болған. Сауапты іске жұртшылық қаржылай қолдау көрсеткен, кейбір азаматтар қажетті материалдар әкеліп берген.

– Намазхананың негізгі бөлігіне қаражатты халық жинады. Бүгінгі күнге дейін 1 миллион 200 мың теңгеге жуық жиналды. Бұл соманың жартысы металл конструкциясына, қалған жартысы панельдердің алдын ала төлеміне кетті. Сэндвич-панельдерге қосымша төлеу үшін жарты миллионды бөлек жинадық. Жобаның жалпы құны – 3,5-4 миллион теңге, – деп атап өтті Азат Әлиасқар.

Намазхананы құрастыру ағымдағы жылдың қаңтар айында басталған. Қаңқасы бір аптада дайын болған, ендігі кезекте панельдермен жабу үшін тағы бір апта қажет. Жұмысқа үш адам жұмылдырылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, құрылыс барлық қаржы жиналғаннан кейін ғана аяқталады. Әзірге жылу, су, жарық, терезе-есік орнататын демеушілерді іздестірілуде. 

Фото: автор мен Азат Әлиасқар