Павлодарда жылу маусымына дайындық аясында энергия көздерінің жабдықтары жаңарады

Павлодарда жылу маусымына дайындық аясында энергия көздерінің жабдықтары жаңарады
Фото: Константин Шелков

Екінші жылу-электр орталығының өндірістік қуатын арттыратын жоба іске асуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс орталығында жылу-электр орталықтарында алдағы жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр. Биыл бұл мақсатқа шамамен 30 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Қаражат негізгі қондырғыларды қалпына келтіруге, өндірістік инфрақұрылымды жақсартуға және кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталады.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ бас директоры Олег Щемельдің айтуынша, науқан бірдей қос жылу-электр орталықтарын қамтып отыр.

Үшінші жылу-электр орталығында сегіз негізгі агрегат жұмыс істейді. Қазір бірінші, үшінші және бесінші қазандықтарда жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Үшінші қазандық пен үшінші турбина іске қосылды. Ал бесінші қазандықтағы жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Ал екінші жылу- электр орталығында бесінші қазандық қалпына келтірілді. Қазір төртінші қазандық пен екінші турбогенератор жаңартылуда, – деді ол.

Негізгі агрегаттардан бөлек, өндірістік ғимараттар мен инженерлік нысандарды ретке келтіруге де көңіл бөлінуде. Ірі жобалардың бірі – үшінші жылу-электр орталығындағы №1 түтін мұржасын қалпына келтіру. Бұл жоба 60 тәулікке жоспарланған.

Компания басшысы науқанның басты мақсаты күзгі-қысқы кезеңнен тұрақты өту екенін айтты.

Қазір үшінші жылу- электр орталығында су химиялық тазарту кешенін жетілдіру жобасы іске асырылып жатыр. Бұрын өнімділігі әрқайсысы 400 тонна болатын үш тұндырғыш қолданылса, енді олардың орнына сағатына 600 тонна су өңдей алатын жаңа құрылғы орнатылады. Соның нәтижесінде тазартылған және тұзсыздандырылған су көлемі көбейіп, өндіріс қуатын арттыруға мүмкіндік туады, – деді Олег Щемель.

Сонымен қатар, электр техникалық құрылғыларға, химия цехтарына және отын жеткізу жүйелеріне қызмет көрсету жалғасуда.

Энергетиктер қыс мезгіліне қажетті отын қорын да дайындап жатыр. Қыркүйекке дейін көмірдің 10 тәуліктік қоры жиналады. Бұдан бөлек, мазут қоры жасақталып, төтенше жағдайларға арналған қосалқы бөлшектер мен қажетті материалдар әзірленеді.

Соңғы жылдары атқарылған шаралардың нәтижесінде техникалық тозу көрсеткіші төмендеген. Компания дерегінше, өткен жылы бұл көрсеткіш шамамен 1,5–2 пайызға азайды. Мәселен, екінші орталықта тозу деңгейі үш жыл бұрынғы 72 пайыздан астам көрсеткіштен 69,63 пайызға дейін төмендеген.

Олег Щемельдің айтуынша, бұл есепке тек қазандықтар, турбиналар мен генераторлардың жағдайы кіреді. 

Кәсіпорынның тұрақты қызметі тек қазандықтар мен турбиналарға байланысты емес. Түтін мұржалары, градирнялар және басқа да маңызды нысандардың жай-күйі де ерекше рөл атқарады. Сондықтан, қаржы бүкіл өндірістік кешеннің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс, – деді ол.

Сонымен қатар, қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту жұмыстары жалғасуда. Соңғы жылдары жұмысшыларға қолайлы орта жасау үшін жуыну бөлмелері мен санитарлық тораптар жаңартылып, өндірістік нысандар ретке келтірілді.

Ұлттық жоба аясында алдағы бес жылда өңірдегі жылу желілерін кезең-кезеңімен қайта құру көзделген. Бұл коммуналдық инфрақұрылымның тиімділігін арттырып, тұтынушыларға түсетін қаржылық жүктемені азайтуға ықпал етеді.