Ақсу қаласында кәсіпкерлер кеңесінің отырысында өзекті мәселелер талқыланды
Кездесу «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасы төрағасының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Айдос Шайхислам «Атамекен» ӨКП Ақсу қалалық филиалының кәсіпкерлер кеңесінің отырысын өткізді.
Жиынға қалалық кәсіпкерлер кеңесінің құрамына кіретін бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты. Отырыстың негізгі мақсаты – кәсіпкерлерді жергілікті деңгейде тыңдау, өзекті мәселелерді талқылау және кәсіпкерлер кеңестері туралы ережеге енгізілетін өзгерістерді қарастыру болды.
Айдос Шайхисламның айтуынша, мұндай кездесулер бизнестің нақты мәселелерін ашық талқылауға және ұсыныстарды жүйелеуге мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлер кеңесінде бірқатар өзекті мәселелер көтерілді.
– Ақсу қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифінің 30 пайызға өсуі кәсіпкерлердің наразылығын тудырды. Сонымен қатар монополист компанияның тариф белгілеу тәртібі мен жергілікті атқарушы органдар бекіткен шектеулер арасындағы айырмашылық та талқыланды, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ кәсіпкерлер жылу тарифтері бойынша мәселенің бір бөлігі шешілгенін атап өтті: 2025 жылы көрсетілген қызметтер үшін төлемді қайта есептеуге қол жеткізілген.
Бұдан бөлек, бөлшек салық мөлшерлемесі, көлік құралдарын техникалық тексеруден өткізу үшін инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, жер қатынастары және кадр даярлау мәселелері де көтерілді.
Жиын қорытындысы бойынша барлық ұсыныстар мен мәселелер хаттамаға енгізіліп, одан әрі қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін жолданды.