Геолог-ардагерлер балаларға жер қойнауының сырын танытуда

Геолог-ардагерлер балаларға жер қойнауының сырын танытуда
Фото: Павлодар география Үйі

Олар зейнетке шықса да, өмір бойы жинаған тәжірибелерін жастармен бөлісуді мақсат етуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өмірінің ондаған жылын геология саласына арнаған павлодарлық мамандар бүгінде ерікті түрде балаларға өз тәжірибесін үйретіп, білім беру жобаларын жүзеге асыруда.

Жобаның бастамашылары – геология саласында мол тәжірибе жинаған ардагер мамандар. Олар Павлодар география үйінің жанынан «Агат» балалар геологиялық студиясын ашқан. Мұнда оқушылар Жер туралы ғылымды тек оқулық арқылы емес, тәжірибелік сабақтар, зерттеу жұмыстары және кәсіби мамандармен тікелей қарым-қатынас арқылы меңгереді.

Идеядан студияға дейін

Геолог Дина Лепихинаның айтуынша, ол Павлодар облысының әртүрлі мектептерінде болып, балалармен кездескен.

Көп жыл бойы Қостанай облысының оңтүстігі мен Қарағанды облысының солтүстігіндегі далалық партияларда еңбек еткен.

- Балалардың бәрі әртүрлі. Бірақ сүйікті ісің туралы шынайы ықыласпен әңгімелей бастағанда олардың көзінен жаңа білімге деген қызығушылықтың ұшқынын көресің. Барлық ғылымды мектеп бағдарламасына сыйғызу мүмкін емес. Ал геология бірнеше ғылымның тоғысынан пайда болған сала. Оның негізінде химия, физика, биология сияқты іргелі пәндер жатыр. Геолог өз жұмысында мектепте алған білімнің барлығын дерлік қолданады. Бұл мамандықта түрлі ғылымдар тоғысады. Сонымен қатар геология зерттеуге негізделген ғылым, -  дейді Дина Лепихина.

Оның әріптестері де осы пікірмен келіседі. Олар геологиямен айналысқан адам еріксіз табиғат зерттеушісіне айналады деп есептейді. Пайдалы қазбаларды іздеу мен геология тақырыбы балалардың қызығушылығын әрдайым оятқан. 

Сондықтан, бірнеше жыл бұрын жас геологтар клубын құру және 7–10 сынып оқушыларына арналған «Жас геолог» бағдарламасын әзірлеу идеясы туған.

-  Бағдарламаны 2019 жылы әзірледім. Ол екі жылдық оқуға арналған. Ал өткен жылдың көктемінде «Агат» балалар геологиялық студиясы ашылды. Қазір мұнда оннан астам бала білім алып жүр. Жастары мен дайындық деңгейлері әртүрлі болғанымен, бәрін біріктіретін ортақ мақсат бар – көбірек білуге ұмтылу. Бағдарлама мазмұны геология мамандығы бойынша жоғары оқу орындарының бірінші-екінші курс деңгейіне сәйкес келеді, -  дейді геолог.

Теориямен шектелмейді

Геолог Юлия Заварзинаның айтуынша, бағдарламаның ерекшелігі – геологиялық пәндерді тереңдетіп оқытуға, зерттеу және тәжірибелік жұмыстарға басымдық берілуінде.

Ол он жылдан астам уақыт бойы өндірісте және далалық жағдайда жұмыс істеп, мыс-порфирлі және шөгінді кен орындарын іздеуге қатысқан.

-  Павлодар география үйінде әртүрлі бағыттағы төрт геолог жиналдық. Арамызда барлаушылар, тау-кен саласының мамандары, инженерлік геология, гидрогеология және геологиялық түсіріліммен айналысатын мамандар бар. Алғашында оқыту ісіне кездейсоқ келдім. Тек қолдау көрсетіп, тәжірибеммен бөліскім келді. Кейін болашақ мамандарға тек теорияны ғана емес, мамандықтың шынайы қырларын көрсету маңызды екенін түсіндім, - дейді Юлия Заварзина.

Оның айтуынша, балалар геолог мамандығының шынайы жауапкершілігін түсініп, оның қоғам үшін маңызын сезінуі керек.

Балалармен бірге құрылған музей

Жобаның маңызды бағыттарының бірі – Павлодар география үйі жанынан ашылған геологиялық музей.

Геолог Сергей Горкунның айтуынша, студия ашылмай тұрып-ақ минералдар мен тау жыныстарының коллекциясын жинау жұмыстары басталған. Бұл іске балалар да белсенді қатысқан.

-  Ұсыныстардың бірі Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында жас геологтар олимпиадасына дайындық үйірмесін ашу болды. Тағы бір маңызды бастама – География үйі жанынан минералдар музейін құру. Оны қалыптастыруға балалардың өзі қатысып, үлкен қызығушылық танытты. Мұның барлығы жас геологтар студиясын ашуға түрткі болды. Болашақ мамандарды қазірден бастап дайындау қажет, - дейді Сергей Горкун. 

Бүгінде музей тек сирек кездесетін экспонаттар сақталатын орын ғана емес, оқушылардың геологиямен танысатын білім алаңына айналған.

Геология – жан қалауы

Жобаның дамуына инженер-геолог әрі гидрогеолог Надежда Ларина да үлкен үлес қосты.

Ол Павлодар мен Екібастұздағы инженерлік-геологиялық зерттеулерге, сондай-ақ Арал маңындағы ғылыми жұмыстарға қатысқан.

Надежда Ларинаның айтуынша, кәсіби қызметі аяқталғанымен, геологияға деген сүйіспеншілік ешқашан жоғалмаған.

-  Геология адамды ешқашан жібермейді. Осында мен ерекше адамдарды – геологтарды кездестірдім. Олардың идеясы, энергиясы және білімді өзгелерге жеткізуге деген ұмтылысы нағыз жанартаудай. Геологиялық экспедициялар туралы естеліктерден, минералдар мен тау жыныстарының коллекцияларынан ПавГео жанындағы Геологиялық музей дүниеге келді. Бұл – біздің мақтанышымыз. Кейін балаларға бар білімімізді жеткізуге мүмкіндік беретін «Агат» студиясы ашылды. Біз мақсатымызға жете алдық, -  дейді Надежда Ларина. 

Жалғасып жатқан тәжірибе

Бүгінде геология саласының ардагерлері өз мамандығы туралы естеліктермен ғана бөлісіп қоймайды. Олар қоғамдық негізде оқушыларға сабақ өткізіп, Геологиялық музейді дамытуға атсалысып, экскурсиялар ұйымдастырады және балаларға Жер туралы ғылымның ғажайып әлемін таныстырып келеді.

Олардың үлгісі жас ешқашан қоғамға пайда келтіруге кедергі болмайтынын көрсетеді. Керісінше, өмір бойы жинаған білім мен тәжірибе жаңа буын үшін баға жетпес қазынаға айналады.