Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Павлодардағы төбелеске назар аударды
Олар жағдайды толық бақылауына алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Павлодарда 14 жастағы жасөспірімді ұрып-соғуына байланысты жағдайды зерттемек. Бұл туралы комитет Instagram парақшасында жариялады.
–Қазір зардап шеккен оқушы ауруханада ем алуда. Оған алдағы уақытта жан-жақты көмек көрсетілмек. Тіркелген факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кінәлі адамдар жазасыз қалмауы керек, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, балалар арасындағы қатыгездікті алдын алу мақсатында өңірлерге білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстарын күшейтіп, балаларды қосымша біліммен 100%-ға қамту жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.
Еске сала кетейік, бір апта бұрын облыс орталығында бірнеше адам жасөспірімді ұрып-соқты. Салдарынан 14 жастағы оқушының екі қабырғасы сынып, түрлі дене жарақаттарын алған. Полиция сотқа дейінгі тергеуді жүргізіп жатыр.