Павлодар – Астана бағытында қосымша автобустар қатынай бастады

Павлодар – Астана бағытында қосымша автобустар қатынай бастады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Павлодар – Астана» бағытындағы қосымша автобус қатынасы қыс айларында жол қозғалысын жеңілдету және тұрғындарға қолайлы көлік қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының мәліметінше, автобус күн сайын, дүйсенбіден жексенбіге дейін қатынайды. Павлодардан автобус сағат 7:00-де шығып, Астанаға шамамен алты сағатта жетеді. Қайту уақыты – 16:00.

Билет бағасы: ересектерге 4000 теңге, балаларға 2000 теңге, қайту жолында баға сол қалпында қалады.

Автобус 49 жолаушыны қабылдай алады, көліктің маркасы – Yutong. Маршрут Павлодардағы «Автобус паркі №1» мекемесі арқылы қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, бұл бағыт қыс айларында, темір жолға балама ретінде қосымша көлік ретінде іске қосылып отыр.

Еске сала кетейік, өңірде соңғы уақытта inDrive пен Яндекс сервистерімен бәсекеге шыдай алмай, сұраныс азайған қалааралық автобус қатынасына қайтадан көңіл бөлу көзделіп отырғанын және Павлодар – Екібастұз – Астана бағыты бойынша автобус тасымалын субсидиялау жоспарлануда екенін облыс әкімі Асайын Байханов айтқан еді. 

Аймақ басшысының айтуынша, қыс мезгілінде ең сенімді көлік түрі – теміржол қатынасы.