Баянауыл ауданында қандастарды қолдауға 20 кәсіпкер атсалысады
Өңірге қоныс аударған қандастар мен оңтүстік өңірлерден келген азаматтарды қолдауға бағытталған маңызды меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан әкімі Ардақ Кісентаев өзінің Instagram парақшасында мәлімдегендей, бұл келісім облыс әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес жасалған. Бастама қоныс аударушылардың тек өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, олардың жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға тез бейімделуін жеделдетуге мүмкіндік береді.
– Меморандум ауылдық округ әкімдері, Мансап орталығы мен жергілікті ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында рәсімделді. Құжатқа «Жайма» МТС ЖШС, «BAYANAUL AGRO» ЖШС, сондай-ақ «Қараүңгір», «Ақ атан» сияқты жетекші шаруа қожалықтарын қосқанда, 20 кәсіпкер қатысушы тарап ретінде өз міндеттемелерін бекітті, – деп жазды әкім әлеуметтік желіде.
Қол қойылған құжат аясында қоныс аударушыларды тұрақты жұмыспен қамту, оларға қажетті әлеуметтік қолдау көрсету, тұрғын үй мәселелерін шешуге жәрдемдесу және олардың жаңа ортаға тез бейімделуіне ықпал ету бағытындағы нақты міндеттер айқындалған.
Әкімнің айтуынша, бұл келісім облысқа қоныс аударған азаматтардың тұрмысын жақсартуға және олардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді қатысуына жол ашатын стратегиялық маңызы бар қадам болып табылады.