Балалық арманнан үлкен іске дейін: тасбақаларды қорғайтын павлодарлық оқушы

Балалық арманнан үлкен іске дейін: тасбақаларды қорғайтын павлодарлық оқушы
Фото: автор

Ол Павлодар қаласындағы №11 мектепте оқиды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кейде үлкен іс кішкентай баланың арманынан басталады. Павлодарлық Даниил Лукманов алғаш рет ортаазиялық құрлық тасбақасын көргенде, оны үйіне алып кеткісі келген. Бірақ анасы жабайы жануардың орны үйде емес, табиғатта екенін түсіндіріпті. Сол әңгіме баланың есінде мәңгі сақталып қалған. Арада жылдар өткенде Даниил тасбақаларды қорғауды өзінің басты мақсаттарының біріне айналдырды.

Бүгінде ол Павлодардағы №11 мектептің 11-сыныбында оқиды. Тасбақалар туралы білетіні көп. Мәселен, бұл баяу қозғалатын жануарлар ін қазып, топырақты қопсыту арқылы табиғаттағы экологиялық тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Ал оларды қаптарға салып, тіпті пойызбен тасымалдайтын браконьерлер жануарларға үлкен қауіп төндіреді.

- Мұны білгеннен кейін тасбақаларға деген қызығушылығым одан сайын артты. Алматыға барып, оларды құтқару акциясына қатысуды шештім. 2024–2025 жылдардан бастап бұл менің ғылыми және экологиялық жұмысыма айналды, — дейді жас табиғат жанашыры.

Даниил Алматы мен Қонаевта болып, табиғатты қорғау шараларына қатысып, тасбақаларды табиғи мекеніне жіберуге атсалысқан. Бір қызығы, бала күнінде өзі асырағысы келген тасбақа да экспедициялардың бірінде табиғатқа қайтарылыпты.

Енді оның бұрынғыдан да үлкен арманы бар.

- Болашақта Қазақстанның әр өңірінен маған қосылатын адамдар көбейеді деп үміттенемін. Экоеріктілердің үлкен командасын жинап, ортаазиялық тасбақаларды бірге құтқарғым келеді, — дейді Даниил.

Жасөспірімнің еңбегі қазірдің өзінде нәтижесін беріп жатыр. Ортаазиялық құрлық тасбақаларын құтқаруға арналған мектеп жобасы республикалық деңгейде бірінші орынға ие болған.

Даниилмен бірге №11 мектептің ұстаздары Анастасия Лукманова мен Лариса Лукина да экологиялық бастамаларын таныстырды. Олар аралар мен балды өсімдіктердің экожүйені қалпына келтірудегі маңызы, теміржол экотуризмін дамыту мүмкіндіктері және мектептегі Green Team қозғалысының жұмысы туралы баяндады. Бұл қозғалыстың еріктілері ағаш отырғызады, қыста құстарға жем береді және түрлі табиғатты қорғау акцияларын ұйымдастырады. Бір кездері шағын бастамадан туған іс бүгінде үлкен экологиялық қозғалысқа айналған.