Баянауылда бүршіктердің тұқымдарынан қарағай көшеттері егіледі
Ол үшін көшеттер екі жыл өсірілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында көктемге дайындық қызу жүріп жатыр. Орманшылар жерді қардан тазартып, аумақта қарағай отырғызуға дайындауда. Сәуір айының басында жеке тәлімбақта өсірілген екі жасар қарағай көшеттерін отырғызу жоспарлануда.
Жоспар бойынша өткен жылғыдай 40 гектар жерге жас ағаштарды егу керек. Әр гектарда 4400 түп көшет, барлығы 176 мың қарағай отырғызылуы тиіс.
– Өткен жылы жас ағаштардың 87 пайызы тамыр жайды. Орманшылар биылғы көктемде де жақсы нәтиже болады деп үміттенеді, – деді Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының бастығы Аждар Жүсіпов.
Екі жасар көшеттер инспекторлар жинаған бүршіктердің тұқымдарынан өсірілгендіктен, қаражат қажет етпейді.
– Бүршіктерді жинап болған соң, тұқымдарды кептіріп, 0,25 гектар жерге отырғызып, көктемге дейін жоңқа мен қалқандармен жабамыз. Екі жылдан кейін өскен қарағай көшеттерін ұлттық саябақ аумағына отырғызамыз. Осылайша өрттен аман қалған жерлерді көгалдандыруға күш салып жатырмыз, – деп қосты облыстың бас орманшысы.
Саябақтағы барлық жасылдандыру жұмыстарын орманшылардың өздері жүргізеді.