Баянауыл ауданында ауылдардың электр желілері жаңартылады
Жоба жарықтың жиі өшуі мен төмен кернеу мәселесін шешуге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан әкімі Ардақ Кісентаевтың мәліметінше, өңір басшысы Асайын Байхановтың қолдауымен ауданда электр желілерін салу және жаңарту бойынша екі ірі жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі Ақсаң ауылдық округін, екіншісі Баянауыл ауылын қамтиды.
Екі жоба аясында жалпы 55 шақырым электр желісін толық ауыстыру жоспарланған. Жұмыстарды «Ramboll Corp» ЖШС жүргізуде.
Аудан әкімі Ақсаң, Жалғызқайың және Қаражар ауылдарына барып, электр желілерін жаңғырту және құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
– Осы уақытқа дейін Ақсаң ауылдық округінде жеке қосалқы станция болмағандықтан, электр энергиясы Баянауылдан 52 шақырымдық желі арқылы жеткізіліп келді. Соның салдарынан желілердің тозығы жетіп, халық жылдар бойы кернеудің төмендігі мен жарықтың жиі өшуінен зардап шегіп келгені жасырын емес. Бұл түйткілді мәселе осы жылы түбегейлі шешімін таппақ, – деді Ардақ Кісентаев.
Жоба бойынша Қаражар ауылында бес, Ақсаңда бес, Жалғызқайыңда үш және Маяжон фермасында бір жаңа трансформаторлық қосалқы станция орнатылады. Осылайша барлығы 14 жаңа КТП іске қосылады.
Қазіргі уақытта жер жұмыстары аяқталған. Нысандарда тұғырлар орнатылып жатыр, ал келесі кезеңде электр желілерінің бағандарын орнату көзделген.
Жоба аяқталғаннан кейін Ақсаң ауылдық округіндегі электрмен жабдықтау жүйесін жаңартып, тұрғындарды тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.