Май ауданының инфрақұрылымында өзгерістер күтілуде
Асайын Байханов жұмыс сапарымен ауыл-аймаққа барып келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы Көктөбе ауылындағы жергілікті мектепке барды. 1967 жылғы ғимарат «мектептерді жаңғырту» бағдарламасы аясында облыстық бюджет есебінен жөнделетін болады. Сондай-ақ, облыс әкімі көшелерді жөндеу мен жарықтандыруды тексерді.
Аудандық мәдениет үйінде Асайын Байханов тұрғындармен ауданның дамуын талқылады. Облыс әкімі түйіні жылдар бойы шешілмеген мәселелерді шешуге, соның ішінде понтондық көпір мен аурухананың су бұру жүйесін салуға қаражаттың бөлінгенін атап өтті. Тұрғындардың өтініші бойынша Көктөбе мектебінде модульдік қазандық орнатылды. Көктемде Қаратерек ауылында спорт кешенінің, ал Ақжар мен Ақшиман ауылдарында заманауи медициналық орталықтардың құрылысы басталады.
– Сапар барысында өңір басшысы Малайсары батырдың ұрпағы Мақат қажы және рухани ағартушы Ақбалық қазыреттің кесенелеріне барды. Сол жерде Ақшимандағы «Қалмаққырылған» саябағының жобасы талқыланды, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, облыс әкімі Көктас кен орнында мыс кендерін үймелі шаймалау бойынша инвестициялық жобаның іске асырылуын тексерді. Инвестор жобаға өз қаражатынан 10,4 миллиард теңге салуда. Нәтижесінде 273 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
– «Қара шеңгел» жерінде Алтайдан әкелінген таулы-алтай мамық тұқымды ешкілерді өсіру тәжірибесімен танысты және олар Қазақстанда әзірге жалғыз. Ет консервілері, «кашемир» мамығы экспортқа шығарылады, – деп толықтырды баспасөз қызметі.
Аудан әкіміне инвестициялық жобалардың іске асырылуын бақылау, ауданның ішкі туризмі мен инвестициялық тартымдылығын дамыту үшін киелі орындардың инфрақұрылымын дамыту тапсырылды.