Павлодардағы 25 мың орындық стадион «Жастар» шағын ауданында салынады

Павлодардағы 25 мың орындық стадион «Жастар» шағын ауданында салынады
Фото: Pexels.com/Anna Shvets

Павлодарда жаңа футбол аренасын салу жобасы жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеу кезеңіне өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық құрылыс басқармасының ресми жауабына сәйкес, жобаны «Қазақ энергетика және байланыс ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС әзірлеп жатыр, ал нысан қаланың солтүстік бөлігінде — «Жастар» шағын ауданында орналасады (бұған дейін бағдар ретінде «Құлагер» ипподромы аталған болатын).

«Жобалау-сметалық құжаттама әзірлену үстінде. Кешенді ведомстводан тыс сараптаманың қорытындысын 2027 жылдың II тоқсанында алу жоспарланған. Құрылыстың түпкілікті сметалық құны ЖСҚ әзірлеу және сараптаманың оң қорытындысын алу нәтижелері бойынша айқындалады», — деп хабарлады басқарма өкілдері.

Кешенді ведомстводан тыс сараптаманың қорытындысын 2027 жылдың екінші тоқсанында алу жоспарланып отыр. Құрылыстың түпкілікті сметалық құны дәл осы сараптама нәтижесінен кейін белгілі болады.

Еске сала кетейік, бұл ауқымды жобаны Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов «Ертіс» футбол клубын жаңғырту және өңірдегі спортты дамыту мақсатында стратегиялық нысан ретінде қолға алған еді. 

Құрылыс басқармасының басшысы Асқар Әжмұраттың айтуынша, болашақ арена халықаралық деңгейдегі матчтарды қабылдауға мүмкіндік беретін UEFA-ның төртінші (жоғары) санатына толық сай келеді. Жобада трибуналар үстіндегі бастырмалары бар ашық алаң, тұрақтар мен инженерлік инфрақұрылым қарастырылған. Мамандардың алдын ала бағалауынша, құрылыс жұмыстары кемінде үш жылға созылады.