Баянауыл ұлттық табиғи паркі маңында коттедж қалашығының заңсыз құрылысы тоқтатылды

Баянауыл ұлттық табиғи паркі маңында коттедж қалашығының заңсыз құрылысы тоқтатылды
Фото: Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет

Жеке тұлға уәкілетті органнан рұқсат құжаттарын алмай, демалыс орны болып табылатын жер учаскесін сатып алған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің еріктілері Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің маңында коттедж қалашығының заңсыз құрылысын анықтады. Мониторинг барысында еріктілер Баянауыл ауылындағы ауданы 0,4000 гектар жер учаскесінде коттедждер құрылысы басталғанын анықтады.

Баянауыл ауылы әкімдігінің ақпараты бойынша, аталған учаске 2019 жылы аукцион арқылы жеке тұлғаға бес жарым жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалануға сатылды. Алайда, жер пайдаланушының коттедж құрылысын бастау туралы рұқсат құжаттары уәкілетті мемлекеттік органмен келісілмеген.

–  Заңсыз құрылыс басталған аумақ жергілікті тұрғындардың сүйікті демалыс орны және мәдени, спорттық іс-шараларды өткізуге арналған алаң болып табылады. Еріктілер жергілікті атқарушы органдарға жүгінгеннен кейін Баянауыл ауданының экономиканың нақты секторы бөлімімен осы құрылысты тоқтата тұру туралы хабарлама жіберілді,– делінген хабарламада. 

Өз кезегінде Баянауыл ауданының жер қатынастары бөлімі жер учаскесін жалдау шартын бұзу бойынша жұмысты бастады.