Павлодарлық сот атақты спортшыға қатысты үкім шығарды

Павлодарлық сот атақты спортшыға қатысты үкім шығарды

Істі Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дәулет Шабанбай  2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдесін жарыстың екі жүлдегері допинг қолданғаны үшін дисквалификацияланғаннан кейін 2022 жылы алған. Ол Азия чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері (2008, 2009, 2011, 2014). Сондай-ақ 2014 жылы Азия ойындарының күміс жүлдесін иеленген.

Белгілі спортшы спорттық мансабын бес жыл бұрын аяқтап, олимпиадалық резервті даярлау орталығында спорт нұсқаушысы болып жұмыс істеген.

Оған ҚР ҚК 380-бабының төртінші бөлігінің 1-тармағы бойынша — «екі немесе одан да көп адамға қатысты билік өкіліне күш қолдану» айыбы тағылды.

Сотта оқиғаның мән-жайы белгілі болды. 17 қыркүйек күні кешкі сағат тоғыз жарым шамасында ҚР Ұлттық ұланының 5512 әскери бөлімінің үш қатардағы жауынгері автовокзал маңын патрульдеп жүрген. Олар бұл аумақта ірі денелі, мас күйдегі белгісіз ер адамның қоғамдық тәртіпті бұзып жүргені туралы хабарлама алған. Кафелердің бірінің жанынан сипаттамаға ұқсас адамды көрген. Ол Дәулет Шабанбай болып шықты. Патруль тобының басшысы одан жеке басын куәландыратын құжаттарын көрсетіп, полиция пунктіне баруды сұраған. Алайда жауап ретінде боксшыдан боқтық сөздер естіген. Әскери қызметкер оны сабырға шақырмақ болған, бірақ Дәулет Шабанбай алдымен оны иығынан аяғымен теуіп, кейін бетінен ұрған. Екінші әскери жауынгер де бет тұсынан соққы алған. Осы кезде Дәулет Шабанбай үстіндегі киімін шеше бастап, сарбаздарды төбелеске шақырған. Содан кейін топ басшысы рация арқылы көмек сұраған.

Үш солдатқа спортшыны жерге жығып, қолына кісен салу оңайға соқпаған. Ұстау кезінде Дәулет Шабанбайдың қалтасынан жиналмалы пышақ түсіп қалған. Көмекке қосымша әскери жасақтар мен полиция қызметкерлері келген. Айыпталушы алдымен уақытша бейімдеу және детоксикация бөліміне жеткізіліп, онда орташа дәрежедегі алкогольдік мас күйі анықталған. 18 қыркүйектен бастап ол қамауда отыр.

Судьяның айтуынша, қылмыс жасалған сәтте Дәулет Шабанбайдың өтелмеген екі әкімшілік жазаcы болған — ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы «Тыныштықты бұзу» және 440-бабы «Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйінде болу».

Сотта Шабанбай кінәсін толық мойындап, айғақ беруден бас тартты, жәбірленушілерден кешірім сұрап, өзін бас бостандығынан айырмауды өтінді. Сот спортшыны қоғамнан оқшаулауды қажет деп тапты, алайда ел алдындағы спорттық жетістіктерін, кәмелетке толмаған екі баласының барын, олардың біреуінің мүмкіндігі шектеулі екенін ескере отырып, ең төменгі жаза мерзімін тағайындады.

Дәулет Шабанбайға орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеумен үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.