Павлодар облысында биыл кімдердің мерейтойлары аталып өтеді?

С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Ұлы дала: Тарих. Тұлға. Тұғыр» атты облыстық кеңес өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткен шара барысында былтырғы жылғы шаралардың есебі берілді.
Кеңеске облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, Медет Тауасқан және өңіріміздегі зиялы қауым өкілдері мен мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.
Кеңесте 2024 жылғы өткен шаралардың есебі беріліп, 2025 жылы аталып өтетін мерейтойлар мен шаралар таныстырылды.
– Биыл ұйымдастырылатын іс-шаралар мен жылдың басында өтетін мерейтоларды зиялы қауымға жеткіземіз. Олардың ұсыныс-пікірлерін міндетті түрде қабылдаймыз, – деді Медет Тауасқан.
Оның айтуынша, биылғы жылы Иса Байзақовтың 125 жылдығына, Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жылдығына, Майра Шамсутдинованың 135 жылдығына, Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығына, Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдығына, Махмет Қайырбаевтың 100 жылдығын атап өту жоспарлануда.
Сонымен қатар, өңірдегі атаулы күндерді кең насихаттау мақсатында жергілікті БАҚ-та жане ресми әлеуметтік желілерде тұрақты түрде мақалалар мен жарияланымдарды шығарады. Қалалар мен аудандарда орналасқан кітапханалардың кітап қорын толықтыру жоспарланып отыр.