Павлодарлық каратэшілер Ташкент төрінде топ жарды
Ташкент шаһарында 12 елден 800-ге жуық спортшы қатысқан World Kyokushin Karate халықаралық фестивалі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен павлодарлық спортшылар 11 медаль жеңіп алды. Оның төртеуі – алтын, екеуі – күміс, бесеуі – қола.
Павлодар облысындағы Бүкілқазақстандық киокушинкай-каратэ ұйымы филиалының аға жаттықтырушысы, «Nomad» клубының жетекшісі Еркебұлан Айтжановтың айтуынша, спортшылар жарысқа физикалық және психологиялық тұрғыдан жақсы дайындықпен келген.
– Әрбір қатысушы өзінің жауынгерлік шеберлігін, ерік-жігерін, мінезін және жеңіске деген ұмтылысын көрсетті. Біз нәтижеге де, жаттықтырушылар құрамының атқарған жұмысына да көңіліміз толады, – деді жаттықтырушы.
Жарыстың алтын жүлдегерлері – Аделя Жампеисова, София Карабетская, Линар Щетогубов және Садиг Маммедов. Күміс медальді Әлішер Найманов пен Елхан Ақберген иеленді. Қола жүлдеге Арнұр Қабитқан, Нұрасыл Жетпісбай, Бейбарыс Сұлтан, Лейла Малшыбекова және Давыд Мушук қол жеткізді.