Баянауылда «Сарыарқа сыры» жаңа визит-орталығы ашылды
Жоба өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, тарихи-мәдени мұрасын кеңінен танытуға және келушілерге сапалы қызмет көрсетуге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл ауданында туристер мен қонақтарға арналған жаңа «Сарыарқа сыры» визит-орталығының салтанатты ашылуы өтті. Жоба өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, тарихи-мәдени мұрасын кеңінен танытуға және келушілерге сапалы қызмет көрсетуге бағытталған.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Баянауылдың тарихи-рухани маңызын әрдайым ерекше атап өтетінін айтты.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Баянауылды ұлылардың бесігі деп бағалап, қасиетті өлкенің тарихи әрі рухани ерекшелігін ерекше атап өтті. Бүгінгі ашылып отырған «Сарыарқа сыры» – сол биік міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған нақты жобалардың бірі. Бұл – бір ғана ғимарат емес. Бұл – Баянауылдың сан ғасырлық тарихын, ұлы тұлғалардың өнегелі жолын, ұлттық құндылықтары мен табиғи байлығын тоғыстырған рухани кеңістік. «Туған жерін қадірлеген елдің келешегі кемел болады» деген дана сөз бар. Ендеше «Сарыарқа сыры» барша халықтың игілігіне қызмет етіп, Баянауылдың туристік және мәдени дамуына тың серпін береді деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Жоба аясында мамандарды даярлау жұмыстары алдын ала басталып, облыс әкімінің тапсырмасымен мамыр айынан бастап қызметкерлерді оқыту қолға алынды.
Жалпы аумағы 740 шаршы метрді құрайтын визит-орталық аудан орталығына кіреберісте, Жасыбай көліне апаратын тасжол бойында орналасқан. Мұнда туристерге бағыттар, көрсетілетін қызметтер мен демалыс аймақтары туралы толық ақпарат ұсынылады.
«Сарыарқа сыры» заманауи әрі көпфункционалды кеңістік ретінде жобаланған. Орталықта дәрістер мен семинарлар өткізуге арналған трансформер-кітапхана, ана мен бала бөлмесі, кофехана, өлкетану музейі, демалыс террасалары қарастырылған. Сонымен қатар ғимарат мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін қатынауына толық бейімделген.
Визит-орталықтың басты ерекшеліктерінің бірі – цифрлық технологияларды кеңінен қолдану. Интерактивті картасы бар сенсорлық панельдер, мультимедиялық стендтер мен 3D-проекциялар арқылы келушілер Баянауыл ауданының табиғи ескерткіштерімен, киелі орындарымен және өңірден шыққан көрнекті тұлғалардың өмірі мен мұрасымен таныса алады.
Жаңа нысан өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға, Баянауылдың бай тарихи-мәдени мұрасын дәріптеуге және ішкі туризмнің дамуына елеулі үлес қоспақ.