Павлодарлық мамандар неліктен үйлерде жылу жеткіліксіз екендігін түсіндірді
Соңғы екі аптада жылуға қатысты 189 шағым түскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Олег Щемель мәлім етті.
– Павлодарда жылу желілерінің тозуы 92 пайызды құрайды. Жыл басында ғана көрсеткіш 89 пайыз болған. Құбырлар жарылып кетпес үшін жылуды тиісті параметрлермен беру керек. Егер қысымды, температураны жоғары берсек, құбырлар жүктемеге шыдамай, жарылып кетеді. Сондықтан да ешқандай ақаулар орын алмағандай параметрлерді стандартқа сай беріп жатырмыз, – деді Олег Щемель.
Оның сөзінше, бүгінде температура 100 градус шамасында берілуде. Ал батаеряларға жылудың әлсіз жетуі бірнеше себептерге келіп тіреледі.
– Әрине, ең бірінші себеп – жылу желілерінің тозуы. Ал, екіншіден – тұтынушының қысқа өз үйін қалай дайындауына байланысты. Көп жағдайда уақтылы жылыту қондырғылары тазартылмайды, – деді ол.
«Павлодар жылу желілері» ЖШС бас директоры Марат Иманаевтың айтуынша, Павлодарда жалпы 800 километр жылу желілері бар. Құбырлардың барлығы КСРО кезінде салынған. Бір құбырдың амортизация мерзімі – 25, ал облыс орталығында 50 жыл жөнделмеген құбырлар бар.
– Соңғы екі аязды апта ішінде жылу жеткіліксіздігі бойынша 189 өтініш түсті. Олардың ішінде жылу желілерінің кесірінен жылу берілмей қалған 31 үй анықталды, ал қалған 153 ПИК-тің кінәсінен орын алған, – деді Марат Иманаев.
Марат Иманаев жылу желілерінің тозу мәселесін шешу үшін кемінде 10 жыл уақыт керек екенін айтады.
– Жылу желілерін қайта құру мен салу бойынша бағадарлама әзірленген. Тиісті мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң нәтиже алған. Яғни 10 жыл көлемінде желілердегі тозу пайызы 90-нан 50-ге дейін түседі, – деп түсіндірді Марат Иманаев.
Спикердің сөзінше, ауыстырылған құбырлардың сапасы 25 жылға дейін жетеді. Соңғы бес жылда магистральді жылу желілерінің 30 шақырымы қайта құрылып, салынды. Ал орамішілік жылу желілері алдағы алты жылда ауыстырылады.