Павлодар ауданында су тасқынына бейім ауылдар тексерілді

Павлодар ауданында су тасқынына бейім ауылдар тексерілді
Фото: Валерий Бугаев

Бұл – Розовка, Рождественка, Ефремовка, Заря ауылдары, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аудан әкімдігімен ауданның барлық 38 елді мекені тексеріліп, күрделі учаскелер анықталды. Мичурин, Жаңа-қала, Черноярка, Сычевка, Қаракөл және Пресное ауылдарында 3,8 км қорғаныс бөгеттері тұрғызылып, нығайтылды.

Су өткізу қабілетін жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету және судың жолдардан асып кетпеуі үшін Рождественка, Ефремовка және Жертұмсық ауылдарында қосымша су өткізу құбырлары орнатылды. Судың үйлерге кіру қаупі бар деген Розовка ауылындағы Киров көшесінен қар белсенді түрде шығарылуда.

Су басудың алдын алудағы басты міндет – елді мекендердегі қарды шығару. Қазіргі уақытта ауданның барлық елді мекендерінде төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп, жер бедерінің ерекшеліктерін ескере отырып, қарды шығаруға арналған полигондар анықталды. Қар шығару жұмыстары басталды, алдын ала есепке сәйкес 12 мың тоннаға жуық қар шығарылады, – деді Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраев.

Су тасқынының алдын алу және жою үшін 150 тонна инертті материал, 6000 қап, 7 тонна жанар-жағармай дайындалды. Сондай-ақ, 12 өздігінен жүретін су айдау техникасы, 23 инженерлік техника, 24 мотопомпа бар.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов гидрологиялық жағдайға күнделікті негізде мониторинг жүргізуді, барлық бағыттар бойынша көктемгі су тасқынына дайындықты барлық қызметтермен кешенді түрде жалғастыруды тапсырды.