Павлодарда жылу беру маусымына кешенді дайындық жүргізілуде

Павлодарда жылу беру маусымына кешенді дайындық жүргізілуде
Фото: Валерий Бугаев

Асайын Байханов жылу беру маусымына дайындықты тексеру үшін облыс орталығындағы бірнеше жылумен жабдықтау нысандарын аралады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аралау барысында өңір басшысы тұрғын үй қорының алдағы қысқы кезеңге дайындығын тексеріп, реконструкция және жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жылу желілерін қарап шықты.

Бірінші нысан – Елгин көшесі, 47/1 мекенжайындағы тұрғын үй болды. Үйде барлық қажетті дайындықтар уақытылы жүргізіліп, дайындық актісі алынған. Бұл үйге қызмет көрсететін ұйымда 18 тұрғын үй бар, жыл сайын жылу маусымы аяқталған соң келесі жылға дайындық басталады. Қажет болған жағдайда тозығы жеткен жабдықтар тариф қаражаты мен нысаналы алымдар есебінен жаңартылады.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта Павлодардағы көппәтерлі үйлердің 80%-дан астамы жылу қабылдауға толық дайын, қысыммен тексеру және жуу жұмыстары жүргізілген. Ай соңына дейін бұл көрсеткішті 90%-ға жеткізу жоспарлануда.

– Жыл сайын жылу беру маусымы басталғанға дейін қажетті жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізетін және жалпы үйдің жағдайына бақылау жасап, оны басқалардан талап ететін белсенді әрі жауапты тұрғындардың саны артып келе жатқаны қуантады, – деп атап өтті Асайын Байханов. 

Содан кейін облыс әкімі Малайсары батыр мен Мүткенов көшелерінің қиылысындағы жылу желісіне күрделі жөндеу жүріп жатқан учаскеге барды. Ұзындығы 365 метр болатын учаскеде диаметрі 426 миллиметр құбырдың жартысынан астамы орнатылған. Ыстық судан ажыратылған 13 абонентке су қосу жұмыстары тамыз айының соңына дейін аяқталмақ, ал толық жөндеу 10 қыркүйекке дейін жүргізіледі.

Шығыс өнеркәсіп аймағында Асайын Байханов 1-ЖЭО-дан тартылып жатқан жаңа ЖМ-20А жылу магистралінің құрылыс барысымен танысты. 1972 жылы салынған және нормативтік мерзімінен екі есе асқан ТМ 20 магистралінің тозуына байланысты жаңа құбыр салу туралы шешім қабылданған. Ұлттық жоба аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның жалпы құны – 9,8 миллиард теңге. Жоба 600-ден астам көпқабатты тұрғын үй орналасқан қаланың оңтүстік бөлігін тұрақты жылумен қамтамасыз етеді. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстарының 60%-ға жуығы аяқталған, 3,5 шақырымнан астам құбыр орнатылған.

Сонымен қатар, ЖМ-31 желісіндегі ПНС-5 сорғы станциясының құрылысы жалғасуда, ол қаланың орталық және жағалау аймақтарының жылу-гидравликалық режимін жақсартады.

«Қазақстан алюминийі» АҚ 1-ЖЭО-да әкім қысқы кезеңге дайындықты қарап шықты. Мұнда 6 негізгі жабдыққа, оның ішінде №1 және №3 қазандықтарға, №6 турбинаны және түтін құбырына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық жоспарланған іс-шаралар жылу беру маусымы басталғанға дейін аяқталады.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңір басшысы күзгі-қысқы кезеңге дайындық мәселелері бойынша төрт бағытта жиналыс өткізді. Біріншісі – гидравликалық және температуралық сынақтар жүргізу арқылы жылумен жабдықтау желілерін дайындау. Екіншісі – тұрғын үй қорын жылу қабылдауға дайындау. Үшіншісі – жылумен жабдықтау желілерін жаңарту, яғни күрделі жөндеу және реконструкциялау жұмыстары. Төртіншісі – жылу көздерінің негізгі жабдықтарын дайындау.

Биылғы көктемгі сынақтарда 223 ақау анықталып, қысқа мерзімде жойылды. Бұл облыс орталығын ыстық сумен 20 күн ішінде қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Қазір желілерге қайта сынақтар жүргізіліп жатыр. Қаланың оңтүстік бөлігінде гидравликалық сынақтар аяқталып, 65 ақау табылған, оның 19-ы магистральдық желілерде. Ақауларды жою жұмыстары жалғасуда, бүгінге дейін 13 ақау жойылды. Бұл жұмыста 40 авариялық бригада жұмылдырылған. Солтүстік бөлігінде сынақтар 2 тамыздан басталып, 5 тамызда аяқталуы жоспарланып отыр, содан соң ақауларды жоюға кіріседі.

Облыс әкімі тамыз айының соңына дейін қаланы жылу беру маусымына толық дайындау қажеттігін атап өтті. Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және коммуналдық қызметтер басқармасының мәліметіне сәйкес, қазір жылу желілерінің 75%-ы жөнделіп, қазандықтар мен жылу магистральдарында жұмыстар жалғасуда. Жүргізілген шаралардың арқасында технологиялық ақаулар саны өткен маусыммен салыстырғанда 1,5 есе азайды.

Асайын Байханов жылу беру кезеңінің тұрақты өтуін өңірдің басты басымдықтарының бірі деп атап, жауапты құрылымдарға жұмыс қарқынын күшейтуді және жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды.

Сонымен қатар, өңір басшысы қаланың энергия көздерінің қуатын арттыру үшін технологиялық аудит пен жаңа абоненттерді қосу мәселесін пысықтауды міндеттеді: 2-ЖЭО мен 3-ЖЭО-да 20 Гкал, ал 1-ЖЭО-да 48 Гкал-ға дейін қуат ұлғайтылады. Бұл қаланың қызыл аймақтарын ашуға және 2027 жылға қарай шағын аудандарды орталық жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік береді.

Қазан айының соңына дейін жобаны іске асыру бойынша Жол картасын ұсыну тапсырылды.