Баянауылдық ұстаз тасжол бойында құлынды құтқарып қалды
Оның аяғы торға оралып қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқиға 4 сәуір күні Баянауыл-Павлодар тасжолында болған. Жол жиегіндегі шағын көлде бірнеше жылқы топтасып тұрғанын байқаған Баянауыл ауданының тұрғыны көлігін тоқтатып, мән-жайды анықтамақ болады.
– Отбасыммен қалаға бара жатқанбыз. Жол бойында үйір жылқы тұрғанын көрдім. Алғашында маңынан өтіп кеттім. Кейін ойыма «суық ауа райында неге суда тұр екен?» деген ой келді. Қайта барып, көлге жақындағанда жылқылардың арасында бір құлын бар екенін байқадым. Оның аяғы торға оралып қалыпты. Қасында анасы кісінеп, тыпыршып тұр екен, – дейді Құмдыкөл ауылының тұрғыны Арман Мурсалов.
Ауыл тұрғыны алдымен судың салқындығын тексеріп, кейін батыл шешім қабылдап, суға түскен. Ол құлынның аяғын тордан босатып, жағаға шығарып алған.
– Ауылда өскендіктен жануарларға жаным ашиды. Оның үстіне биенің тыпыршып тұрғанына бейжай қарай алмадым. Құлынды босатқанша анасы қасымнан кетпеді. Менің орнымда кез келген адам көмектесер еді деп ойлаймын, – дейді ол.
Қазір құлынның жағдайы жақсы. Белгілі болғандай, жылқылар Баянауыл мен Торайғыр арасындағы Саратов аумағында орналасқан шаруа қожалығының малы болып шыққан. Қожалық иелері Арман Мурсаловқа алғысын білдірді.
Құлынды құтқару сәтін кейіпкердің жұбайы бейнежазбаға түсіріп алған. Алғашында ол видеоны тек туыстардың чатына жіберген. Алайда көп ұзамай бейнежазба әлеуметтік желілер мен түрлі пабликтерде кең тарап, көп қаралым жинаған.
– Әлеуметтік желіде видео кең тарапты. Көп адам жылы лебізін білдіріп жатыр. Әрине, бұл қуантады. Бірақ өзімді батырмын деп есептемеймін, – дейді ол.
Айта кетейік, Арман Мурсалов – Құмдыкөл ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Ұстаздық қызметте жүргеніне 17 жыл болған. Оның айтуынша, көктем мезгілінде мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Бұл уақытта жайылымдағы жылқылар батпаққа батып немесе түрлі қиындықтарға тап болып жатады.
Қазір желі қолданушылары батыл әрекеті үшін ауыл ұстазына алғыс айтуда.