Павлодарда электросамокатпен тротуарда жүруге тыйым салынды
Жаңа талаптардың сақталуын полиция камералар мен дрондардың көмегімен де бақылайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жаңа талап Павлодар тұрғындарына да қатысты. Енді электросамокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында жүруге болмайды. Бұл ретте электросамокаттарды пайдалануға толық тыйым салынған жоқ.
Жыл басынан бері елімізде электросамокаттардың қатысуымен 139 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, екі адам қаза тапқан.
Полиция жаңа талаптардың орындалуын көшедегі патрульдермен ғана емес, бейнебақылау камералары, техникалық тіркеу құралдары және дрондар арқылы да қадағалайды. Сондықтан құқық бұзушылық полиция қызметкері оқиға орнында болмаған жағдайда да тіркелуі мүмкін.
Электросамокаттарды жалға беретін компаниялар да жаңа ережелерді орындауға міндетті.
– Біздің басты міндетіміз – жаңа талаптардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету. Тротуар жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз болу керек, ал электросамокатты пайдаланушылар белгіленген тәртіпті сақтауы қажет. Бұл өзгерістердің артында қоғамның қауіпсіздікке деген сұранысы тұр. Ендігі міндет – жаңа талаптарды сақтау. Полиция өз тарапынан тиісті бақылауды қамтамасыз етеді, – деп атап өтті ІІМ-де.
Жаңа тәртіп ең алдымен жаяу жүргіншілердің, оның ішінде балалардың, қарттардың және баламен жүрген тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.