Баянауылдық жастар сұраған қысқы футбол ойын алаңы мәселесі оңынан шешілді

Аудан әкімі спортсүйер жастармен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл жастары әлеуметтік желіде облыс әкімі Асайын Байхановқа қысқы мезгілде футбол ойын алаңына қатысты сауалдар жолдаған.
Сол сауалдың негізінде Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев спортсүйер жастармен кездесу өткізді. Жалынды жастар өзіндік мәселелері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Баршаға белгілі, ауданда ірі құрылыс, дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, құрылыс толығымен аяқталуға жақын.
– Ғимарат толығымен дайын болған соң ескі ғимараттағы спорттық секциялар жаңасына ауысып, барлық спорт түрлерінен жаттығулар жүргізіледі. Ал, ойын алаңдары, оның ішінде футбол залы бұрынғы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ұйымдастырылады. Нәтижесінде, қысқы уақытта да қолданысқа беріледі, – деді аудан әкімі.
Ол дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің басшысына жастардың ыңғайына қарай, солармен келісіп ойын кестесін жасауды тапсырды.