«Ақсу» ел чемпионатының екінші айналымын сәтсіз бастады
Команда турнир кестесінің соңғы орнында келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Премьер-лиганың 14-туры аясында Вахид Масудов шәкірттері «Ордабасымен» тағы кездесті. Бұл жолы шымкенттіктер өз алаңында ойнады. Алаң қожайындары төреші ысқырығымен Михаил Голубничий қақпасына лап қойды. Павлодарлықтар бірте-бірте «Ордабасы» шабуылдарына тойтарыс бере білді.
Сәлден соң «Ақсу» тіпті қарымта шабуылдар ұйымдастыра бастады. Тони Сильва қай кездегідей қапталда ойқастап, қорғаушылардың мазасын қашырды. Команда ойыншыларының барлығы барынша тырысып бақты. Өкінішке орай, тайм ортасына қарай қорғаныстағы ең маңызды ойыншы – Обилор Фрайдей жарақат алды. Дегенмен, команда нигериялықтың орнын жоқтатпауға барынша тырысты.
Алайда төреші қосқан уақытта шымкенттіктер есеп ашты. Бұрыштаманы ойнатқан «Ордабасы» ойыншылары допты айып алаңындағы қараусыз қалған Темірлан Ерлановқа жеткізді. Ол жақын қашықтықтан Михаил Голубничийге еш мүмкіндік берместен допты қақпаға қадады.
«Ордабасы» есепте алға шыққаннан соң допқа мықтап бақылау орнатты. Бұл қарсыласына қарағанда шеберлік жағынан төмендеу «Ақсу» үшін жағдайды барынша қиындатты. Ақыры Вахид Масудов шәкірттері шымкенттіктер қақпасына ешбір қауіп төндіре алмады.
Алаң қожайындары болса, есепті еселей алды. Шабуылшы Всеволод Садовский бір сәтке Никола Эскич бақылауынан сытылып, допқа бірінші жетіп қақпаны дәл көздеді – 0:2.
Келесі матчты «Ақсу» 22 шілдеде «Жетісуға» қарсы өткізеді. Ойын Талдықорғанда өтеді.
Фото: «Ордабасы» ФК