«Ертіс» ҚПЛ-ның 22-турының матчында «Тобылдан» жеңілді
Павлодарда Қазақстан Премьер-лигасының 22-туры аясында «Ертіс» пен Қостанайдың «Тобылы» арасындағы кездесу өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Матч басталар алдында жанкүйерлер, футболшылар мен төрешілер тобы павлодар футболының ардагері, өмірден өткен Бер Яков Ароновичті бір минут үнсіздікпен еске алды. Ол Павлодар футболының негізін қалаған азаматтардың бірі болды. Яков Аронович кейіннен «Ертіс» атауын алған «Строитель» командасының сапында өнер көрсеткен.
Кездесу күрделі ауа райы жағдайында басталды. Бастапқы ысқырықтан кейін санаулы минут өткенде алаңға нөсер жаңбыр жауып, ойынның жалғасуына қауіп төнді. Матчты басқа күнге ауыстыру мүмкіндігі де қарастырылды. Алайда біраз уақыттан кейін алаңда ойнауға мүмкіндік туып, кездесу қайта жалғасты.
Бұл сәтті бірінші болып «Тобыл» пайдаланды. Қостанайлық Райан Сенхаджи есеп ашты. «Ертіс» өз ойынын көрсете алмай, көп ұзамай екінші голды өткізіп алды. Қонақтар сапынан Виталий Лисакович мергендік танытты.
21-турдағы матчта Александр Нойоктың екі рет алаңға шығуына байланысты «Қызылжарға» техникалық жеңіліс берілгеннен кейін турнирлік кестеде өзгеріс болды. «Алтай» соңғы орыннан көтеріліп, соңғы сатыға «Ертіс» түсті. Павлодарлықтардың еншісінде 17 ұпай бар. Ең жақын қарсыластары «Алтай» мен «Жетісуда» 19 ұпайдан. Сонымен қатар олар «Ертіске» қарағанда бір ойын артық өткізген.
«Ертіс» келесі кездесуін Алматыда сырт алаңда өткізеді. 22 тамызда павлодарлық команда «Қайратпен» кездеседі.