Баянауылдықтарға қатты отын алуға біржолғы төлем қарастырылды
Ауданда әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау көрсету шарасы жүзеге асуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл аудандық мәслихатының шешіміне сәйкес, биыл аудан бюджетінен қатты отын сатып алу үшін мүгедектігі бар бірінші, екінші, үшінші топтағы азаматтарға, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға 20 айлық есептік көрсеткіш (78 640 теңге) көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем қарастырылған.
– Бұл төлемді алу үшін азаматтардан өтініш талап етілмейді – төлемдер ақпараттық жүйеден алынған тізім негізінде автоматты түрде жүргізіледі, – деді ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде.
Толық ақпаратты Баянауыл ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен (мекенжайы: Баянауыл ауылы, Қ. Сәтбаев көшесі, 27-үй, байланыс нөмірі: 9-12-10) алуға болады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы күні қарсаңында облыстың барлық қалалары мен аудандарында жергілікті өкілетті органдардың шешімімен 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және бірінші, екінші топтағы мүгедектерге 5 АЕК көлемінде біржолғы төлемдер жүргізілмек.
Жалпы, облыс бойынша бұл әлеуметтік шарамен 16 мыңнан астам адам қамтылатын болады.