Екібастұздық полицейлер әйел азаматқа гараж кілтін қайтаруға көмектесті

Екібастұздық полицейлер әйел азаматқа гараж кілтін қайтаруға көмектесті
Фото: pixabay.com / Bertsz

Орталық алаңда тұрғындардың мәселелерін тыңдау мақсатында «Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні» ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, шараға қала әкімі, мемлекеттік органдар, ұйымдар мен коммуналдық қызметтердің басшылары, сондай-ақ полиция қызметкерлері қатысты.

Кездесу барысында полиция басшылығына барлығы 15 азамат жүгінген. Тұрғындардың негізгі сұрақтары жол қауіпсіздігі, бағдаршамдарды, жол белгілері мен таңбаларын орнату мәселелеріне қатысты болды. Барлық өтініштер бойынша нақты шешімдер қабылданып, орындалу мерзімдері мен жауапты тұлғалар белгіленді.

Екібастұз ҚП бастығының міндетін атқарушы Валентин Бримжанов келгендердің бірінің мәселесін мысалға келтірді. 

– Бір әйел бұрын танысына берген гараж кілттерін қайтара алмай жүрген. Танысы гараж үшін ақы төлемей, кілтті де бермеген. Біз дереу араластық: ол адамға хабарласып, жауапкершілігін ескерттік. Мәселе оң шешімін тауып, әйел риза болды, – деді ол.

Кездесуде сондай-ақ азаматтық-құқықтық қатынастар мен ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу мәселелері бойынша да кеңестер берілді.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай кездесулер өте тиімді, себебі олар халықтан объективті ақпарат алуға және арыз-шағымдарды жедел шешуге мүмкіндік береді. Әрбір өтінішке тиісті жауап беріліп, мәселелерді шешуге көмек көрсетіледі.