Дауыл: Қалқаман емханасының шатырындағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын
Әлеуметтік нысанның төбе жабыны қатты желге шыдас бермеген еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ақсу орталық ауруханасының директоры Ерлан Шәріповтің айтуынша, Қалқаман кентіндегі емхананың төбесінің шамамен 80 шаршы метрін жел ұшырып әкеткен.
- Қатты жел кенттегі емханаға айтарлықтай зақым келтірді. Қазіргі таңда жөндеу жұмысының 80% аяқталды. Небары 10 шаршы метр аумақтағы жұмыс қана қалды. Белгіленген уақытта жұмысты аяқтап үлгереміз, - деді ол.
Директор жөндеу жұмыстарының 5 желтоқсанға дейін бітетінін айтып сендірді.
- Бәрі алдыңғы жағынан қапталып, жасалуда. Шыныға тапсырыс берілді. Бейсенбі, жұма күндері металл жеткізілуі керек. Ал демалыс күндері жайлап жинай бастаймыз, - деді Ерлан Шәріпов.
Айта кетелік, желге ұшқан төбені қалпына келтіруге жалпы сомасы 23,656 млн. теңге бөлінген.
Бұдан бөлек, қалқамандықтардың өтініші бойынша емхана мен балалар емханасының арасын дәлізбен біріктіру көзделуде. 2009 жылдан бастап емхана екі ғимаратқа бөлінген. Бірі балалар, екнішісі ересектер емханасы. Екі ғимаратты дәлізбен байланыстыру жоспарда бар.
- Жоба әзірленуде. Жергілікті тұрғындардың көптеген өтініштері бойынша біз қыста бір ғимараттан екіншісіне суық жүрмеу үшін корпустың екі подъезін қосуды шештік, – деді Еран Шәріпов.
Сондай-ақ, емделушілерге ыңғайлы болу үшін мұнда паркинг құру көзделуде. Жобаның жалпы құны 100 миллион теңгеге жуық болады.