Телефонға алаңдаған бірнеше мың павлодарлық жүргізуші жазаланды
Олар көлік тізгіндеу кезінде смартфон пайдаланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері өңір жолдарында көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдаланған үш мыңнан астам жүргізушінің жолын полиция кесті
– Көлік жүргізу мен телефон арқылы сөйлесу немесе онлайн байланыста болу – бір-бірімен үйлеспейді. Мұндай сәтте жүргізуші тек өзін ғана емес, айналасындағыларды да қауіпке ұшыратады. Алайда тәжірибе көрсеткендей, көптеген жүргізушілер қауіпсіздік үшін смартфоннан бас тартуға дайын емес, - деп дабыл қағады тәртіп сақшылары.
Мәселен, Павлодар қаласындағы орталық көшелердің бірінде полиция қызметкерлері көлік жүргізу кезінде телефонмен сөйлесіп отырған жүргізушіні тоқтатты. Ер адам өз кінәсін мойындап, маңызды қоңырау болғанын, сондықтан жауап беруге мәжбүр болғанын түсіндірді. Мұндай жағдайларда ұялы телефон арқылы сөйлесу немесе хабарлама теру жүргізуші үшін басты міндетке айналып, ал көлік құралын басқару екінші орынға түседі. Аталған құқық бұзушылық үшін көлік жүргізу кезінде сөйлескен азамат айыппұл арқалады.
Павлодар облысының полициясы жүргізушілерді ғана емес, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерді де қозғалыс кезінде смартфон пайдаланудан бас тартуға шақырады.