Екібастұз полицейлері «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мереке сыйлады
Балалар үшін бұл кездесу күтпеген тосынсыйға айналып, мерекелік күнді қуаныш пен жылы әсерге толтырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, құқық қорғаушылар тәрбиеленушілерге тәтті сыйлықтар табыстады және оларға зор денсаулық, оқуда табыс пен армандарының орындалуын тіледі.
Шараға әкімшілік полиция бастығының орынбасары Ермат Айтмағанбетов пен патрульдік полиция ротасының командирі Арман Құрманғали қатысты.
Офицерлер өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету – қоғамдағы әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ әрбір бала өзін қауіпсіз сезініп, үнемі қолдау мен қорғауды сезінуі маңызды екені айтылды.
Мұндай игі кездесулер полиция қызметкерлері үшін дәстүрге айналып, балаларға қуаныш сыйлаумен қатар қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етіп келеді.