Ақтоғай ауданында бүлдіршіндер үшін жаңа балабақша салынды

«Ақ бота» бөбекжай-балабақшасының «Балдәурен» атты жаңа корпусы пайдалануға берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жаңа нысан ауылдағы бүлдіршіндер үшін сапалы білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағына айналмақ.
40 орынға арналған жаңа бөбекжай-балабақша қазіргі заман талаптарына толық сәйкес келеді. Мұнда кең әрі жарық топ бөлмелері, музыкалық және оқу залдары, асхана, ойын және жатын бөлмелері қарастырылған.
Балабақша меңгерушісінің айтуынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйесі, өрт дабылы, дұрыс орналастырылған жиһаздар мен шкафтар орнатылды. Балабақша ауласы да назардан тыс қалмады: аула абаттандырылып, ойын алаңдары жасанды төсенішпен жабдықталды.
– Балабақшада балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалған. Мұнда логопед, музыка жетекшісі және педагог-психолог тұрақты жұмыс істейді. Мұндай кешенді жұмыс балалардың тұлғалық, танымдық және шығармашылық дамуына зор үлес қосады, – деді балабақша басшысының міндетін атқарушы Ақбөпе Сексенбаева.
Жаңа «Балдәурен» корпусында кәсіби мамандардан құралған ұжым еңбек етеді. Сонымен қатар, тәрбиешілер мен ата-аналар мобильді қосымшалар арқылы байланыс жасап, баланың күнделікті қатысуы, көңіл-күйі және жетістіктері жайлы ақпаратпен бөліседі.
– Жоба Ақтоғай ауданында балабақшаға деген сұраныс жыл сайын артуына байланысты құрылды. Ресми мәлімет бойынша, 2023 жылы аудан бойынша 457 бала балабақша жасында болса, соның 179-ы мектепке дейінгі ұйыммен қамтылмаған. Бұл - шамамен 40 пайыз жетіспеушілік деген сөз, – деді Ақбөпе Сексенбаева.
Осы мәселені шешу мақсатында әкімдік тарапынан қолданусыз тұрған екі қабатты ғимарат сатып алынып, қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.
Жобаны іске асыру үшін жалпы сомасы 277,7 миллион теңге бөлініп, ол қаражат нысанды жаңғырту, құрылыс-монтаждау және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қалпына келтіруге жұмсалды.
Ақбөпе Сексенбаеваның айтуынша, балаларға қажетті материалдық-техникалық базаға қосымша 90 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Бұл қаражатқа жаңа жиһаздар, ойыншықтар, оқу-әдістемелік құралдар, интерактивті тақталар және өзге де заманауи жабдықтар сатып алынды.
– Жаңа «Балдәурен» корпусының ашылуы Ақтоғайдағы бүлдіршіндер мен ата-аналар үшін өте үлкен қуаныш болды. Бұл тек жаңа ғимарат қана емес, ауылдағы мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам, – деді Ақбөпе Сексенбаева.
Балабақшаның ашылуы ата-аналардың еңбекке еркін араласуына, балалардың сапалы білім алып, әлеуметтенуіне үлкен мүмкіндік береді.
Ауыл тұрғындары үшін бұл – тек жаңа нысан емес, болашаққа сенім сыйлаған маңызды әлеуметтік жоба.