Павлодар облысында мал тасымалын тексеретін 10 бекет қойылды
Мал ұрлығының алдын алуға бағытталған рейд барысында екі заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өңірде «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Полиция қызметкерлері ветеринариялық инспекторлармен бірге автожолдарда мал мен ет өнімдерін тасымалдайтын көліктерді, сондай-ақ базарлар мен сауда орындарын тексеруде.
Павлодар қаласы полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің бастығы Асхат Мукушевтің айтуынша, негізгі назар тасымалданатын мал мен ет өнімдерінің заңды шығу тегіне аударылған.
– Облыстан тыс бағыттағы тасжолдар мен қалаға кіреберіс жолдарда 10 мобильді бекет қойылды. Тексеру барысында автокөліктер тоқтатылып, жүктің ветеринариялық ілеспе құжаттарға сәйкестігі, жануарларда құлақ сырғаларының, ал ет ұшаларында ветеринариялық таңбалардың болуы тексерілді, – деді Асхат Мукушев.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары базарлар мен сауда орындарындағы ет өнімдерінің құжаттарын тексерді.
– Сауда орындары мен базарларда сатылатын ет өнімдерінің шығу тегінің заңдылығы зерделенді. Нәтижесінде ветеринария саласында екі құқықбұзушылық анықталып, материалдар құзыреті бойынша тиісті органға жолданды, – деді полиция өкілі.
Рейд барысында учаскелік инспекторлар шаруа қожалықтарының иелерімен, бақташылармен және жеке шаруашылық иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оларға малды таңбалау, қора-жайларды қауіпсіздендіру және төрт түлікті қараусыз қалдырмау қажеттігі ескертілді.
Полиция мұндай тексерулер мал ұрлығының алдын алу және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тұрақты жүргізілетінін хабарлады.