Екібастұзда мас күйінде көлік басқарған жас жігіт қамауға алынды
Сонымен қатар, ол көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқиға 13 ақпан күні сағат 03.40 шамасында Екібастұз қаласында Пішембаев-Мәшһүр Жүсіп көшелерінің қиылысында болған. Онда тәртіп сақшылары Toyota Camry маркалы автокөлігін тоқтатқан.
- Себебі автокөліктің жүрісі күдік тудырды. Осыдан кейін көлік құралын тоқтату сигналы берілді. Полицейлердің күмәнін дәрігерлер растады. Мұнда 29 жастағы жүргізуші мас болған. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Көлік құралы арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Сот қаулысымен құқық бұзушы 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Сондай - ақ көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айырылды, - деді Екібастұз қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Төлеген Құдайбергенов.
Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде Екібастұз қаласы ПБ патрульдік полиция ротасының қызметкерлері көлік құралдарын мас күйінде басқарған 27 жүргізуші анықталды. Олардың әрқайсысы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылған.