Ақсу қаласында әйелді өлтіріп, мәйітін өртеген ер адамға үкім шықты

Ақсу қаласында әйелді өлтіріп, мәйітін өртеген ер адамға үкім шықты
Фото: Константин Шелков

Сот жәбірленуші тараптың 5,5 миллион теңгеден астам соманы өндіру туралы талабын қанағаттандырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

12 қарашада қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта адам өлтірді деп айыпталған П. есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылған.

Іс материалдарына сәйкес, 17 сәуір күні сағат 18:00 шамасында П. мен Д. Ақсу қаласының шетіндегі жылу трассасы құбырларының жанына барып, бірге спирттік ішімдік ішкен. Әңгіме барысында Д. күдіктінің марқұм анасын қорлап, екеуінің арасында жанжал туындаған. Ашуға булыққан ер адам әйелді өлтіруге бел буған.

Алдымен ол Д.-ның бетінен жұдырықпен ұрған. Әйел жерге құлағаннан кейін оны аяғымен бірнеше рет тепкілеген. Алған жарақаттары салдарынан әйел оқиға орнында көп қан жоғалтып, көз жұмған.

Әйелдің тіршілік белгісі жоқ екеніне көз жеткізген соң сотталушы үйіне барып, дизель отынын алып келген. Кейін қаза болған әйелдің киімін шешіп, қылмыс ізін жасыру мақсатында мәйітті өртеген. Осыдан соң оқиға орнынан бой тасалаған.

Істің мән-жайы сотталушының алғашқы жауабы, марқұмның туысы саналатын жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтары, сараптама қорытындылары және басқа да дәлелдер арқылы расталды.

Сот ұсынылған дәлелдемелердің жиынтығын және сотталушының жеке басын ескере отырып, оны ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.

Сот үкімімен ер адам 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.