Екібастұзда полицейлер иттің өліміне қатысты тексеріс ашты
Оқиғаның мән-жайы анықталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Әлеуметтік желіде «Ягодка» ТК маңында байлаулы тұрған Баюн атты итті біреу өлтіріп кеткені туралы хабар тарады.
– Ол күзетші ит болған. Ешкімге тиіспейтін еді, байлаулы жатқан. 1 қаңтарда оны өлтіріп кетті, – деп жазды желі қолданушылары.
Екібастұз қаласының полиция басқармасы аталған фактіні тіркеп, тексерісті бастады. Оқиғаның мән-жайлары анықталуда.
Еске сала кетейік, өткен жылдың қараша айында Павлодар қаласында подъездің біріндегі бақылау камерасының жазбасы әлеуметтік желіде таралып, талқыға салынды. Видеода тұрғындардың бірі подъездің ішінде мысықтың болғанын біле тұра, сірке суын шашып жатқан сәті түсіп қалған. Кейіннен әйел адам жасаған ісіне өкініп, кешірім сұраған болатын.