Павлодар облысында полицейлер алаяқтарға алданып қалған тұрғынның ақшасын қайтарды

Павлодар облысында полицейлер алаяқтарға алданып қалған тұрғынның ақшасын қайтарды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ертіс ауданының тұрғыны интернет арқылы компьютер сатып алмақ болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Ертіс ауылының тұрғыны Instagram желісінен компьютерлер мен олардың қосалқы бөлшектерін арзан бағамен сататын интернет-дүкеннің жарнамасын көрген.

Азамат сатушымен WhatsApp арқылы байланысып, тауардың бағасы мен жеткізу шарттарын келіскен. Кейін көрсетілген банк картасына 540 мың теңге аударған.

Алайда ақша түскеннен кейін сатушы қоңыраулар мен хабарламаларға жауап беруді тоқтатқан. Алданғанын түсінген тұрғын бірден полицияға жүгінген.

Тәртіп сақшыларының жүргізген жұмыстары нәтижесінде қаражат толық көлемде иесіне қайтарылды.

– Полиция қызметкерлеріне кәсібилігі, жедел әрекеті және бейжай қарамағаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Олардың атқарған жұмысының арқасында ақшамды қайтарып алдым. Көрсеткен көмектеріңіз бен қызметтік міндеттеріңізді адал атқарғандарыңыз үшін рақмет! – деді Алексей Николаев.

Тұрғын аға жедел уәкіл Әмір Сәдуақасовқа, аға тергеуші Арман Жүсіпбаевқа және тергеуші Алексей Штраубқа алғыс білдірді.

Полиция тұрғындарды интернет арқылы сауда жасағанда сақ болуға шақырды. Әсіресе тауарды нарықтағы бағасынан әлдеқайда арзан ұсынатын сатушылардың сенімділігін тексеріп, бейтаныс адамдарға алдын ала ақша аудармауға кеңес берді.