Екібастұзда «Замандастар» ансамбліне бес жыл толды
Жеке әншілер орыс, неміс, поляк тілдерінде де әндер орындайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметінше,
қалалық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Замандастар-құрдастар» әншілер ансамблі бес жылдық мерейтойын атап өтті.
Қазақ халқының мұрасы — ән қазынасын насихаттап жүрген белсенді 18 қатысушысы бар ансамбльдің баянда сүйемелдеушісі — Құламерген Бейсембенов, көркемдік жетекшісі — Ләззат Шушаева.
— Құрамында Екібастұз қаласының ардагерлері мен ауыл ардагерлері және Халықаралық, республикалық түрлі өнер сайыстарының жеңімпаздары да бар. Ансамбль қала ардагерлеріне ҚР атаулы күндері, жылда 10-нан аса елді мекенде және облыс көлеміндегі ардагерлер профилакториясы мен шипажайларда өнерлерімен танылып, ел ықыласына бөленіп жүр, — деді бөлімде.
Ансамбьлдің бүгінгі күні репертуарында 40-тан аса халық әні, халық композиторларының әндері, қазақ композиторларының әндерімен қатар эстрадалық әндер де бар. Жеке әншілер орыс, неміс, поляк тілінде де әндер орындайды.
Қатысушылардың үлкені — 86 жаста, орта жасы — 70-те, ең жасы — 65-те.
Алда Ұлы жеңістің 80 жылдығына арналған обыстық байқауға қатысуға үлкен жоспар жасалып, бекітілген. Ән жанрының барлық түрін қамтылады: хор, ансамбль, жеке, дуэт, трио, квартет. Қазіргі таңда дайындық басталып кеткен.