Павлодар жастары «Dala Sound» жобасында бас қосты

Павлодар жастары «Dala Sound» жобасында бас қосты
Фото: ұйымдастырушылардан

Шығармашылық кеші жаңа есімдерді көпшілікке таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодардағы Ertis Promenade орталық сахнасында «Dala Sound» атты ашық аспан астындағы ауқымды байқау-концерті өтті. Жоба өңірдің жас вокалистеріне, шығармашылық ұжымдар мен бишілерге және түрлі жанрдағы өнерпаздарды бір сахнада тоғыстырып, олардың шығармашылық әлеуетін көпшілікке таныстыруға мүмкіндік берді.

Шараның мақсаты – жастардың шығармашылығын дамыту, өнерді насихаттау, жас таланттарды қолдау, ұлттық және заманауи мәдениетті ұштастырып, өңірдің мәдени имиджін нығайту. Концерт бағдарламасына заманауи музыкалық шығармалар, хореографиялық қойылымдар, шығармашылық коллаборациялар мен сахналық қойылымдар енгізілді.

Жастар бастамаларын дамыту орталығының инспекторы Айымжан Шарапиденованың айтуынша, жоба жергілікті жастарға үлкен сахнада өнер көрсетуге жол ашатын маңызды мәдени алаңға айналған.

Кастингке 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатысты. Әнші, жүргізуші және би бағыттары бойынша өтінімдер қабылданды. Жалпы 50-ге жуық өтінім түсті. Оның ішінде жүргізушілік бағытқа 10 үміткердің арасынан үш жүргізуші іріктелді. Би бағыты бойынша қатысушылар саны жеткіліксіз болды, ал вокал номинациясында онға жуық орындаушы концертке жолдама алды. Бұл жолы бірнеше кезең болған жоқ, тек іріктеу өткізілді. Бүгінгі концертте шамамен 30 өнерпаз сахнаға шықты, – деді инспектор.

Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанова бұл жоба өңірде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан жастар бастамаларының бірі екенін атап өтті.

Бүгінгі «Dala Sound» ән кеші – облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығының дәстүрлі жобасы. Қазіргі таңда өңіріміз өнерлі жастармен ерекшеленеді. Сондықтан біз олардың жаңа белестерді бағындыруына әрдайым қолдау көрсетеміз. Жастар – еліміздің болашағы, ал олардың шығармашылығы өңір мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосады, – деді бөлім басшысы.

Концертке қатысушылардың бірі  Әйгерім Болатбек декреттік демалыста бола да өнерден қол үзбеген.

Концерт туралы Instagram әлеуметтік желісінен көріп, кастингке қатыстым. Алғашында орыс тіліндегі лирикалық ән орындадым. Кейін ұйымдастырушылардың ұсынысымен репертуарымды өзгертіп, Баянсұлудың орындауындағы «Есіңе ал» әнін таңдадым. Бірнеше жылдан кейін қайтадан үлкен сахнаға шығу – мен үшін үлкен тәжірибе. Әрине, толқу бар, бірақ бүгін бағымды сынап көремін, – дейді қатысушы.

Сахнаға алғаш рет дуэт ретінде шыққан Амина Тоқмағамбет пен Асанәлі Махметов те бұл кештің өздері үшін маңызды екенін айтады.

Бұл – біздің алғашқы дуэтіміз. Байқауға бірге дайындалып, әнді де өзіміз таңдадық. Бір студияда білім аламыз. Іріктеуде осы шығарманы орындап, жолдама алдық. Болашақта да бірге ән айтып, шығармашылықты жалғастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді жас өнерпаздар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Dala Sound» жастардың шығармашылық бастамаларын қолдап қана қоймай, өнер арқылы қоғамдық бірлікті нығайтуға, мәдени құндылықтарды дәріптеуге және Павлодар облысының шығармашылық әлеуетін танытуға бағытталған маңызды жоба болып саналады.