Павлодар облысының үздік келіні анықталды

Павлодар облысының үздік келіні анықталды
Фото: Достық үйі ұсынды

Облыстық сайысқа әр аудан мен қаланың келіндері шығармашылық өнерлерін паш етіп, үздік келін атағы үшін сынасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«НҰР-АНА әлемі» коғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Достық үйінде «Жақсы келін-ырысың» атты келіндер арасында облыстық байқау өтті. Конкурсты бастамас бұрын бүгін ғана отау құрған отбасыны ортаға шақырып, келінге ақ орамал тағып,  жас жұбайларға бата берілді.

«НҰР-АНА әлемі» коғамдық бірлестігінің басшысы Бақытжамал Максилованың сөзінше, бұл шараны басқаларға үлгі болатын келінді табу мақсатында ұйымдастырған.

–Келін жақсы болса, сол үйге ырыс береке кіреді. Ең басты мақсат-отбасылар өздерінің қандай отбасы болу керектігін көрсетсе болғаны. Біздің келіндерімізді көрсетіп, олардың жолын жастарға берсін деген ойда бұл шараны өткізіп отырмыз,– деді Бақытжамал Максилова.– Бұл жерде келіннің анасымен қарым-қатынасына көңіл бөлеміз. Еліміздегі басты қиындық сол ғой ене мен келін өзара тіл табыса алмай жатады. Қазіргі заманға сай келін өзінің қызметін де жасай білуі керек, отбасында үлгі де болуы керек. Атасы мен енесіне жақсы қарап, салт-дәстүрлерді сақтай білу шарт.  

 Жарыс  бес кезеңнен тұрды. Келіндер өздерін таныстырып, сәлем салды. «Ойлы болсаң озып көр» кезеңінде қатысушыларға салт-дәстүрге қатысты  сұрақ берілді. Әділ қазылар мүшелері сұрақтар қойып, дұрыс-бұрыстығын тексерді. «Өнерлі келін» аталымында қатысушылар қазақша ән орындап, сахналық көрініс көрсетіп, мәнерлеп өлең оқыды. Бұдан бөлек, келіндерге үй тапсырмасы берілген еді.  Онда өз қолымен әзірлеген ұлттық тағам немесе затты әкеліп, таныстыру қажет болды. Олар жүннен иірілген, тоқылған киім-кешектер, моншақпен безендірілген картиналарды, үйлерінде пісірген қазы-қарта мен бешбармақ, самса, бауырсақтарды әкелді. Ең соңында ұлттық киім дефилесі өтті. Келіндер ұлттық стильдегі киіммен- қазақша көйлек, шапан, сәукеле, қамзол, әшекей-бұйымдар, сөмкелермен шығып, сән көрсетті. 

Железин ауданынан келіп отырған 23 жастағы Валерия Айтмұратова Ресей Федерациясында дүниеге келген. Оның келін болып ақ босаға аттағанына небары бір жыл ғана болған. 

– Осы байқауға қатысуға менің күйеуім итермеледі. Ол маған сен жақсысың, ақылдысың, пысық келінсің, сондықтан да  қатыс деп айтты. Осындай байқауға бірінші рет қатысып отырмын. Тәжірибем соншалықты көп болмағасын тамақ дайындау мен салт-дәстүр кезеңдерінде қобалжып, қиналдым,– деп мойындайды Валерия. 

Ал Тереңкөл ауданының үлгілі келіні, бес баланың анасы Қарлығаш Қажыбаева енесімен бірге 18 жыл тұрып келе жатыр. Үй шаруаларынан бөлек, тігін ісімен айналысып келеді. 

– Сайыстың ең негізгі мақсаты–ана ретінде өсіп жатқан ұрпаққа қандай тәрбие беретінімізді, қандай із қалдыратынымызды көрсету деп ойлаймын.  Менің ойымша келін тек үйде ғана отырып қалмай, жан-жақты болу керек. Сыйластық сияқты қасиеттерді ұмытпай, заманға сай болып жүруіміз керек деп ойлаймын,– деді деді Қарлығаш Қажыбаева.

40 жастағы Тереңкөлдің келіні тұрмысқа дейін 15 жылдай мемлекеттік қызметте жұмыс істеген.

– Қазір мемлекеттік қызметтен толық кеттім. Одан кейін декреттік демалысқа шықтым. Содан соң, төртінші бесінші балам бірінен соң бірі туылғаннан кейін үш-төрт жылдай үйде отырып қалдым. Бала кезімнен тігін тігіп жүретінмін, бірақ ол ұмытылып қалды. Пандемия кезінде тігісті қолға алып, кәсібімді аштым,–деді келін.  

Ол табақты қоюға арналған сыпыраны тігіп жасайды. Сондай-ақ, басқа да үйге арналған заттарды дастархан, сыпыра, алжапқыш, басқа тағатын орамалдарды  тігеді. 


Қазылар алқасы қыз-келіншектерді сыртқы келбеті мен киім кию үлгіс, тапсырмаларды толық орындауы, шығармашылық өнер мен сахналық мәдениеті, қол шеберлігі мен іскерлігі сынды критерийлер бойынша бағалады. 


Бірінші орынды Баянауыл ауданының келіні Мөлдір Әсетқызы иеленді. Оған теледидар сыйға тартылды. Екінші орын Екібастұз қаласының келініне Марал Айтуғанға бұйырды. Сыйлық ретінде бу үтігі берілді. Үшінші орын Ертіс ауданының келіні Мәдина Пазылбековаға бұйырды. Оған қысқа толқынды пеш сыйлады.