Павлодарда Қаныш Сәтбаевтың мәдени мұрасын еске алды
Мектеп оқушыларына академиктің ән мәдениетін сақтауға қосқан үлесі жайлы айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстың білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына орай А.Байтұрсынұлы атындағы инновациялық үлгідегі жалпы орта білім беру мектебінің базасында «Өнер қамқоршысы» атты облыстық іс-шарасы өтті.
– Осы іс-шарада жалпы білім беру мектептерінің «Музыка» пәні оқытушыларына арналған Қаныш Сәтбаевтың орындауындағы Александр Затаевичпен жазып алынған әндерінің материалдары бойынша әдістемелік ұсынымдар атты ғылыми-зерттеу жұмысының тұсаукесері өтті, – делінген хабарламада.
«Өнер қамқоршысы» жобасын дамыту және ғылыми-зерттеу жұмыстарын әзірлеуге «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешені» ММ оқытушылары қатысты. Жоба жетекшісі – Қазақстан Республикасының Мәдениет үздігі Серік Сыздықов.
Облыстық іс-шара бағдарламасына Иса Байзақов атындағы облыстық филормонияның әртістері орындайтын Қ. Сәтбаевтың 8 музыкалық нөмірі түрлі жанрлық интерпретацияларда орындалды.
– Қаныш Имантайұлы қазақ кәсіби музыкасының алтын қорына зор үлес қосты. Оның есімімен қалалар, мектептер, көшелер, мұздықтар, Алатау тау шыңдары, Телец шоқжұлдызындағы кіші планетасы аталды. Сәтбаевтың шоқжұлдызы Қазақстан өнерінің жарқын жолына жарық береді, – деді ұйымдастырушылар.
Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Өнер қамқоршысы» атты облыстық іс-шарада «Жарқын жолға жарық беретін шоқжұлдыз...» аясында өтетін жобада көптеген қызықты деректер мен мәліметтер таныстырылды.