Екібастұзда жастар Мұқағалиді жырлады

Екібастұзда жастар Мұқағалиді жырлады
Фото: Константин Шелков

Байқау үш кезеңнен тұрды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жыл сайын қазақ поэзиясының символына айналған Мұқағали Мақатаевтың туған күні қарсаңында еліміздің барлық өңірлерінде әдеби кештер үздіксіз өткізіліп тұрады. Осыған орай Екібастұз қаласында ақынның мол мұрасын халық жадында жаңғыртып, ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында 15-25 жас аралығындағы үміткерлер арасында «Мұқағали – мәңгілік жыр» әдеби байқауы ұйымдастырылды. 

Дәстүрлі додада 16 қатысушы үш кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезеңде қатысушалар «Поэзия, менімен егіз бе едің?» тақырыбында ақынның бір өлеңін таңдап, мәнерлеп оқып, әр талапкер таңдаған өлеңі бойынша  қойылым көрсетті. Екінші кезеңде «Жыр тәңірі, Мұқағали» атты ақынның өмір жолы мен шығармашылығына арналған бейнеролик дайындап, үшінші кезеңде «Жырлайды  жүрек» тақырыбында  ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді жанды дауыспен орындап шықты. 

Байқау қорытындысы бойынша үшінші орынға №18 мектептің 10-сынып оқушысы Мерей Рамазанқызы мен №36 мектептің 9-сынып оқушысы Әмина Мұхамедшарипова табан тіреді. Ал жүлделі екінші орынды №11 мектептің 10-сынып оқушысы Айжан Исатай иеленді. 25 жастағы Медет Мейсембаев байқаудың жеңімпазы атанды. 

Айта кету керек, бірінші орынға – 50 мың теңге, екінші орынға – 40 мың, үшінші орынға 15 мың теңгеден сыйақы табысталды. Ал қалған қатысушылардың әрқайсысына он мың теңгеден берілді.