«Қазыналы 100 кітап»: Павлодарда әдеби көрме ашылады

«Қазыналы 100 кітап»: Павлодарда әдеби көрме ашылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көрмеге отандық авторлардың 100-ден астам шығармасы қойылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың мәліметінше, іс-шара елімізде өтіп жатқан «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы аясында ұйымдастырылып отыр.

Аталған бастама биыл 23 сәуірде Астана қаласында Ұлттық кітап күніне орай іске қосылған. Сауалнама үш айға жалғасып, қорытындысы 10 тамыз – Абай күні қарсаңында жарияланбақ. Жобаның мақсаты – ұлттық әдеби мұраны сақтау, отандық авторларды насихаттау, кітап оқу мәдениетін арттыру және баспа саласының дамуына серпін беру.

– Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек. Бұл тізім кітап оқуға деген қызығушылықты арттырады және әдебиетімізді дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын, – деген еді ел Президенті.

Павлодар облысында да «100 кітап» жобасы кең қолдауға ие. Өңір кітапханаларында оқырмандар арасында сауалнамалар жүргізіліп, сұранысқа ие шығармалар тізімі жасалды. Соның негізінде облыстық кітапхана арнайы әдеби көрме әзірледі. Көрмеге қазақстандық қаламгерлердің 100-ден астам танымал туындылары қойылады.

«Қазыналы 100 кітап» көрмесінің ашылуы 18 шілде күні сағат 11:00-де өтеді.

Мекенжайы: Ак. Сәтбаев көшесі, 104.

Анықтама үшін байланыс телефондары: +7 (7182) 32-44-97, +7 (701) 523-82-54.