Павлодарлық өнерпаздар республикалық байқаудың жұлдыздары атанды
Шығармашылық ұйымдар бірнеше жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Астана қаласында «Арт Эмпайр» балалар филармониясы республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Жан гүлім» атты конкурс-фестивалі өтті.
Байқауға М.М. Катаев атындағы оқушылар сарайының көркемдік тәрбие бөлімінің ұжымдары қатысты. Облыс атынан Майра Тезекбай жетекшілік ететін «Еркем-ай» халық вокал ансамблі және Любовь Корнюхина мен Анжелика Буличтің жетекшілігімен «Блэйз» үлгілі эстрадалық би студиясы өнер көрсетті.
Қазылар алқасының құрамына ҚР еңбек сіңірген мәдениет және өнер қайраткерлері, хореография және вокал мамандары кірді.
«Еркем-ай» ұжымы «Қасиетті домбыра» туындысымен аралас жас санатында «Домбырамен ән салу» номинациясында өнер көрсетіп, екінші орынға ие болды.
Ал «Блэйз» үлгілі эстрадалық би студиясының тәрбиеленушілері «Эстрадалық би», «Халық стиліндегі би» және «Заманауи би» номинацияларында өнер көрсетті. Шығармашылық ұжым байқау нәтижесі бойынша келесі орындарға қол жеткізді:
«Алиса в Зазеркалье» қойылымымен аралас жас санаты – Бас жүлде;
«Чарынский каньон» биімен аға жас санаты – Бас жүлде;
«В плену интернета» биі орташа жас санаты – Бас жүлде;
«Қамажай» биімен аға жас санатын - 1 орынға ие болды.
– Біз шығармашылық ұжымдарымыздың жетістіктерін мақтанышпен айтып отырамыз. Алдағы уақытта та барлық көрермендерді жарқын қойылымдарымен қуантамыз. Бұл соңғы жеңіс екеніне күмәнім жоқ, – деп атап өтті оқушылар сарайының көркемдік тәрбие бөлімінің меңгерушісі Жанар Қалтаева.
Әр ұжым дипломдармен, медальдармен және кубоктармен марапатталды, педагогтарға алғыс хаттар табысталды.