Өнер жолына адал павлодарлық актриса үлгі боларлық еңбек етіп келеді
Гүлжанат Омарова – театр сахнасында да, шәкірт тәрбиесінде де өзіндік із қалдырған тұлға, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақ театрының дамуына үлес қосып келе жатқан өнер иелерінің бірі – Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының актрисасы, режиссер және ұстаз Гүлжанат Омарова. Ол өмірінің отыз бес жылын сахна мен шәкірт тәрбиесіне арнап келеді.
Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген актриса жастайынан өнерге жақын болды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әйгілі «Тоқырауын толқыны» ансамблінің әншісі ретінде сахнаға шыққан. Кейін Сәтбаев қаласындағы Мәдени-ағарту училищесінде, одан соң Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы театр және көркемсурет институтында білім алды.
– 1990 жылы Павлодарда қазақ музыка-драма театры алғаш құрылған сәттен бастап осы ұжымның құрамында еңбек ете бастадым. Сол уақыттан бері сахнада ондаған рөл сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөлендім деп айта аламын. Мен ойнаған бейнелердің қатарында М.Әуезовтің «Айман-Шолпанындағы» Теңге, Маман Байсеркеновтің «Кене ханындағы» Бопай ханым, Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер – Ана» трагедиясындағы Жер-Ана және «Ақбілек», «Ақбөпе» сияқты моноспектакльдердің басты кейіпкерлері бар, – дейді актриса.
Өнер иесінің таланты мен ізденісі сахнамен шектелмейді. Соңғы жылдары ол режиссерлік бағытта да жемісті еңбек етуде. А.П.Чеховтың «Шағала», Д.Асылбектің «Сингулярлық нүкте» және А.П.Чеховтың «Аю» пьесаларын сахналап, жас актерлердің шығармашылық дамуына жол ашты.
Бүгінде Гүлжанат Омарова С.Торайғыров университетінің «Орындаушылық өнер» кафедрасында «Актер шеберлігі» пәнінен сабақ береді.
– Менің шәкірттерім республикалық байқауларда жүлделі орындар алып, өңір театрының сахнасында өнер көрсетуде. Бұл өнер маған шабыт сыйлайды, ал шәкірттерімнен жаңа қуат аламын. Олардың жетістігі – мен үшін ең үлкен марапат, – дейді ұстаз.
Өнер жолындағы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол – «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің, «Еңлік гүл» және «Дара» сыйлықтарының иегері. Сондай-ақ бірнеше рет облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Биылғы жылы, Республика күнінде Гүлжанат Омарованың өнер мен мәдениетке сіңірген еңбегі ел деңгейінде бағаланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен актриса «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Актриса бұл марапат ол үшін үлкен жауапкершілік екенін атап өтіп, барша көрермендеріне алғыс білдірді.