Павлодарлықтарға 1 мамырға тамаша музыкалық тарту әзір

Павлодарлықтарға 1 мамырға тамаша музыкалық тарту әзір
Фото: Константин Шелков

Павлодар облысында Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірімізде 1 мамырға орай 2000-ға жуық іс-шара өтеді. Барлығы 2000-ға жуық іс-шара жоспарланған, оның ішінде 500-ден астамы мерекеге тікелей арналған. Басты мерекелік алаң ретінде Естай атындағы мәдениет сарайы алдындағы Конституция алаңы белгіленді. Мұнда өңірде тұратын этностардың ұлттық аспаптары мен киімдерінің көрмесі, сондай-ақ Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» жеті тілде ұсынылатын кітап көрмесі ұйымдастырылады. Әртүрлі этнос өкілдері Абай шығармаларын өз ана тілдерінде оқиды.

Негізгі концерттік бағдарлама сағат 11:00-де басталады. Сахнада Иса Байзақов атындағы облыстық филармония ұжымдары мен арнайы шақырылған әртістер өнер көрсетеді. Сағат 12:20-дан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының өнерпаздары өз шығармашылығын ұсынады. Осы күні қалалық мәдениет және демалыс саябағының 2026 жылғы маусымы ашылады.

Сонымен қатар, Екібастұз, Ақсу қалаларында және аудандық мәдениет үйлерінде мерекелік концерттер өтеді. Жастарға арналған ойын-сауық алаңдары, «Hand Made» жәрмеңкесі және мерекелік сауда ұйымдастырылады.

Музейлер мен кітапханаларда кездесулер, көрмелер, дөңгелек үстелдер мен фестивальдер өтеді. Олардың қатарында С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханадағы этносағат, әдеби кештер мен театр қойылымдары бар.

- Қазақстан халқының бірлігі күні – бұл тек мереке емес, әртүрлі этностарды мәдениет, тіл және өнер арқылы біріктіретін маңызды құндылық. Биыл біз барлық тұрғындарға қолжетімді әрі мазмұнды бағдарлама дайындадық, - дейді Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Самал Сәменова.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева қаладағы бағдарламаға тоқталды. Оның айтуынша, мәдениет мекемелері шамамен 20 іс-шара жоспарлаған. 1 мамыр күні қаланың бірнеше алаңында, соның ішінде Конституция алаңында, орталық саябақта, шағын аудандар клубтарында, Жаңаауылда және теміржол ауылдық округінде мерекелік концерттер мен спорттық бағдарламалар өтеді.

Негізгі іс-шара – «Бір шаңырақ астында» атты мерекелік концерт. Оған филармония, этномәдени бірлестіктер және Естай атындағы мәдениет сарайының шығармашылық ұжымдары қатысады. Басты сый ретінде «Made in KZ» тобының концерті ұсынылады.

Сондай-ақ қалада алты тақырыптық жартылай киіз үй тігіліп, театр ұжымдарының көрмелері ұйымдастырылады.