Екібастұздағы «Богатырь Көмір» кәсіпорнына ҚР Кәсіподақтар федерациясының делегациясы барды
Жұмыс күнінің басым бөлігінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының өкілдері кәсіпорын басшылығымен, кәсіподақ белсенділерімен және жұмысшылармен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
15 сәуір күні Қазақстандағы ең ірі көмір өндіруші кәсіпорынның делегациясы «Богатырь Көмірге» ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен келді.
Делегация өндірістік нысандарды аралап, еңбек жағдайларымен және кәсіпорынның әлеуметтік инфрақұрылымымен танысты.
Бүгінде «Богатырь Көмірде» шамамен 6,5 мың адам жұмыс істейді. Оның 5 мыңнан астамы - кәсіподақ мүшелері. Кәсіпорын Екібастұз көмір бассейніндегі өндірістің елеулі бөлігін қамтамасыз етіп, ел энергетикасы үшін маңызды рөл атқарады.
Кездесу барысында жұмысшыларға тікелей қатысты мәселелер талқыланды:
– әділ еңбекақы;
– өндірістегі қауіпсіздік;
– әлеуметтік кепілдіктер;
– жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу.
Кездесуге қатысушылар өндірістік үдерістерді автоматтандыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын, күрт қысқартулар болмайтынын, басты назар қайта оқыту мен жұмыспен қамтуды сақтауға бағытталатынын атап өтті.
Жұмыс орындарындағы кездесуде қызметкерлер еңбек жағдайлары туралы айтып берді. Кәсіпорын арнайы киіммен, тамақпен және әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етеді, ал табыс деңгейі тұрақтылықты сақтап, отбасылық шығындарды жоспарлауға мүмкіндік береді.

Сатыбалды Дәулеталин тұрақты дамудың басты кепілі – жұмыс беруші, кәсіподақ және жұмысшылар арасындағы ашық диалог екенін атап өтті. Еңбек қауіпсіздігіне ерекше мән берілетінін де тілге тиек етті.
– Негізгі қағида – кез келген өзгеріс еңбек адамына қызмет етіп, оның өмір сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс, – деді ол.
Елордадан келген мейман кәсіпорындағы әлеуметтік әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтті. Жиын соңында үздік қызметкерлер кәсіподақтың арнайы марапаттарына ие болды.