Тереңкөлдіктер экологиялық мәдениетті дәріптеуде
Акция тек қоқыс жинаумен шектелмей, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауданда көктемгі тазалық жұмыстары қарқын алып, тұрғындар мен мекеме қызметкерлері бірлесіп қоршаған ортаны ретке келтіруге кірісті. Қар толық еріп, жер құрғаған кезеңде мұндай сенбіліктер күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып отыр.
Тазалық шарасына мәдениет үйлері мен кітапхана қызметкерлері белсене қатысып, жалпы саны 50-60 адам қатысты. Әр мекеме өз аумағын қураған жапырақтардан, сынған бұталардан және тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Демалыс күндері ғана емес, жұмыс күндерінің кешкі уақытында да тұрғындар өз үйлерінің маңайын ретке келтіріп жатыр.

Тереңкөл ауданының ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Айнагүл Жұмасанованың айтуынша, бұл бастама тек бір реттік шара емес, ұзақ мерзімді экологиялық көзқарас қалыптастыруды көздейді.
- Табиғатты қорғау - әрбіріміздің рухани жауапкершілігіміз. Біздің мақсатымыз тек аумақты тазарту емес, тұрғындардың, әсіресе, жастардың табиғатқа деген саналы көзқарасын қалыптастыру. Таза орта - саналы ұрпақтың негізі, - деді ол.
Алдағы уақытта ауданда «Таза аула» плоггингі, «Big piknik» волонтерлік туристік слеті, «Ардагерге көмек», «Өзіңнен баста» секілді бірқатар ауқымды шаралар өткізу жоспарланған. Бұл бастамалар заңсыз қоқыс орындарының алдын алып, санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған.
Акция алдын ала жасалған жоспар негізінде жүзеге асуда. Сонымен қатар, жергілікті БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тазалықтың маңызы кеңінен насихатталған. Нәтижесінде, аудан халқы бұл игі іске белсенді қатысуда.